Дидье Дрогба «Челсиді» Сәтпаевты командада қалдыруға шақырды

Фото: «Челси» ФК
«Челсидің» бұрынғы шабуылшысы Дидье Дрогба қазақстандық форвард Дастан Сәтпаевқа лондондық клуб сапында өзін көрсетуге мүмкіндік берілуі керек екенін айтты.
Дрогбаның пікірінше, 17 жастағы шабуылшы өзінің жоғары әлеуетін дәлелдеп үлгерді және оған жеткілікті ойын уақыты берілсе, «Челсидің» негізгі құрамында бекіне алады.
«Мен Сәтпаевты мұқият бақылап жүрдім және шынымды айтсам, оның дамуы үшін «Челсиден» артық клуб жоқ деп айта аламын. Біз оның Чемпиондар лигасындағы «Реалға» қарсы матчта не істегенін бәріміз көрдік. Тіпті осындай тәжірибелі команда да оның қандай сапаға ие екенін байқады. Мұндай жастағы шабуылшыдан мұндай деңгейді жиі көре бермейсің.
Оның ең жоғары деңгейде жетістікке жету үшін таланты, өзіне деген сенімі және жеңіске деген менталитеті бар.
Егер менің пікірімді сұрасаңыздар, ол «Челсиде» қалуы керек және негізгі құрамдағы орны үшін күресуі тиіс. Оған мүмкіндік беріңіздер, ойын уақытын беріңіздер, сонда оның кім бола алатынын көресіздер.
Менің ойымша, ол қазіргі біздің көптеген шабуылшылардан жан-жақты ойыншы. Себебі ол ойынды жақсы түсінеді, көп жұмыс істейді және шабуылды аяқтау шеберлігі жоғары.
Мен оның жалға кетуі немесе басқа да түсініксіз шешімдер туралы естігім келмейді. Ол осы жерде қалсын, бапкерлер штабынан үйренсін және осы ортада дамысын. Хаби Алонсо дұрыс шешім қабылдайды деп үміттенемін. Себебі бұл жігіттің «Челсидің» келесі ұлы шабуылшысы атануға барлық мүмкіндігі бар», – деді Дрогба CFC F_Boy аккаунтына берген сұхбатында.
Айта кетейік, Дастан Сәтпаев «Челсиге» Алматының «Қайрат» клубынан 2,4 миллион еуроға ауысқан болатын. Ол алматылық команда сапында 58 матч өткізіп, 26 гол соғып, 10 нәтижелі пас берген.