Димаш Құдайберген Мексикада WBC ұйымының құрмет белбеуін алды

Фото: inst_dimash.news
Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Мексиканың астанасы Мехикода өткен концертінде Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) құрмет белбеуімен марапатталды.
Марапаттау рәсімі Palacio de los Deportes аренасында өтті. Құрмет белбеуін әншіге WBC ұйымының өкілдері табыстады. Олардың қатарында ұйым елшісі Гектор Сулейман-кіші, маркетинг және коммуникациялар бөлімінің басшысы Хосе Антонио Арреола Сулейман, директордың орынбасары Виктор Сильва және WBC ұйымындағы Қазақстан өкілі Әлихан Жарылғапов болды.
Димаш Құдайберген бұл марапатқа халықаралық жетістіктері мен елдер арасындағы мәдени байланыстарды дамытуға қосқан үлесі үшін ие болды.
Айта кетейік, құрмет белбеуі символдық марапат болып саналады және кәсіпқой бокстағы чемпиондық атаққа жатпайды.
Әнші әлеуметтік желідегі парақшасында марапаттау рәсімінен түсірілген суреттерді жариялап, бұл оқиғаны өміріндегі ұмытылмас сәттердің бірі деп атады. Сондай-ақ WBC басшылығына және мексикалық көрермендерге жылы қабылдауы үшін алғыс білдірді.
Дүниежүзілік бокс кеңесі арнайы марапаттарды тек спортшыларға ғана емес, басқа салалардың өкілдеріне де табыстайды. Бұған дейін мұндай құрметке Нельсон Мандела мен Турки Әл аш-Шейх ие болған.