Дінмұхамед Қараман Словакияның жұлдызды жартылай қорғаушыларына қарсы жоспарды айтты

Фото: KFF
Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасындағы кезекті сырт алаңдағы ойынына дайындалып жатыр. Словакиямен кездесу алдында ұлттық құрама мен «Астана» жартылай қорғаушысы Дінмұхамед Қараман қарсыласқа дайындық кезінде бапкерлер штабының қай тұсқа ерекше мән беріп жатқанын айтты.
Словакия құрамасының басты қаруларының бірі – алаңның орталығы. Бұл шепте Еуропаның жетекші чемпионаттарында ойнаған тәжірибелі футболшылар бар. Олардың қатарында «Наполи» ойыншысы Станислав Лоботка, Ондрей Дуда және Томаш Суслов өнер көрсетеді.
Баспасөз мәслихатында Қараманнан Қазақстан мұндай мықты жартылай қорғаушыларға қалай қарсы тұратыны сұралды.
«Иә, Словакияның орталық алаңында Еуропада жоғары деңгейде ойнайтын өте мықты әрі тәжірибелі футболшылар бар. Біз мұны түсінеміз. Бапкерлер штабы олардың ойынын егжей-тегжейлі талдап, осы шепке қарсы қалай дұрыс ойнау керектігін түсіндіреді», – деді Қараман.
Жартылай қорғаушының айтуынша, Қазақстан үшін қарсыласқа алаң орталығын толық бақылауға беріп қоймай, алғашқы минуттардан өз ырғағын орнатуына мүмкіндік бермеу маңызды. Бұл ретте прессинг кезіндегі тәртіп пен қарсыластың қысымынан жылдам шығу шешуші рөл атқарады.
Ұлттар лигасының екінші турында Словакия мен Қазақстан арасындағы матч Кошицеде өтеді. Кездесу Астана уақытымен 23:45-те басталады.
Еске салайық, Қазақстан турнирдің жаңа маусымын Фарер аралдарымен сырт алаңда 1:1 есебімен тең ойнап бастады. Ұлттық құраманың жалғыз голын Темірлан Ерланов соқты.
Бұған дейін Қазақстан құрамасының бас бапкері Джон ван ’т Схип те алдағы Словакияға қарсы матч туралы пікір білдірген. Маман Словакияны топтың фавориті деп атап, оның мықты қорғанысы мен шабуылға жылдам ауысатынын айтқан. Сонымен қатар бапкер қарсыластың мәртебесіне қарамастан, Қазақстан өз мүмкіндіктерін іздеп, нәтижеге таласатынын жеткізді.