Е тобына шолу: Германия, Кюрасао, Кот-д'Ивуар, Эквадор

Фото: AI-иллюстрация
SPORTHUB футболдан әлем чемпионатына қатысушы құрамаларды таныстыруын жалғастырады. Келесі кезекте – Е тобының құрамалары.
Фаворит – Германия. «Қара тұлпар» – Кот-д'Ивуар.
Германия құрамасы
ФИФА рейтиңіндегі орны: 10
Әлем чемпионаттарындағы үздік нәтижесі: төрт дүркін әлем чемпионы (1954, 1974, 1990, 2014)
Бас бапкері: Юлиан Нагельсман
Германия құрамасы – әлемдегі ең атақты әрі ең титулды құрамалардың бірі. Төрт чемпиондық атақ және әлем чемпионаттарында қосымша сегіз рет жүлдегер атануы (төрт күміс және төрт қола медаль) көп нәрсені аңғартады. Мұндай медаль қоры тіпті Бразилия құрамасында да жоқ.
Алайда соңғы чемпиондық атағынан кейін (және жалпы соңғы рет жүлдеге іліккеннен кейін) 2014 жылдан бері «бундестим» қатарынан екі әлем чемпионатында сәтсіз өнер көрсетті. Германия Ресейде 2018 жылғы және Қатарда 2022 жылғы әлем чемпионаттарында плей-офф кезеңіне де шыға алмады. Неміс жанкүйерлері мұны нағыз масқара деп бағалайды.
Негізінен соңғы екі мундиальдағы сәтсіздіктеріне байланысты Германия бұл жолы басты фавориттердің қатарына қосылмай отыр. Дегенмен олардың плей-офф кезеңге шығу мүмкіндігіне күмән туындамайды. Бұл міндетті орындай алмау үшін немістердің өзі өте қатты тырысуы керек.
2026 жылғы әлем чемпионатында төрт дүркін әлем чемпиондары өте қолайлы топқа түсті. Германия Кот-д'Ивуар мен Эквадорды өз шеберлігінің арқасында жеңуге міндетті. Ал Кюрасао туралы сөз қозғаудың өзі артық.
Германияның қазіргі құрамы алдағы турнирде лайықты ғана емес, өте жақсы нәтиже көрсетуге мүмкіндік береді. Бас бапкер Юлиан Нагельсман ұлттық құрамаға іс жүзінде барлық үздік ойыншыларды шақырды. Тек Дортмундтық «Боруссия» жартылай қорғаушысы Юлиан Брандт қана шақырылмай қалса керек.
Дегенмен онсыз да Германияның жартылай қорғау шебінде орын үшін өте жоғары бәсекелестік бар: «Баварияның» бес ойыншысы Киммих, Мусиала, Горецка, Павлович және Карль, «Штутгарттың» көшбасшысы Анджело Штиллер және, әрине, «Ливерпульдің» жұлдызы Флориан Вирц.
Шабуыл шебінде де Германияда әртүрлі стильдегі өте мықты форвардтар жеткілікті. «Арсеналдың» шебер шабуылшысы Кай Хаверц, бойы 198 сантиметр болатын «Ньюкасл» ойыншысы Ник Вольтемаде, сондай-ақ «Штутгарт» пен «Боруссияның» өкілдері Дениз Ундав пен Максимилиан Байер бар.
Белгілі бір деңгейде Германияның әлсіз тұсы қорғаныс болуы мүмкін. Мұнда басты жұлдыз – мадридтік «Реалдың» 33 жастағы қорғаушысы Антонио Рюдигер. Бірақ одан да күмәнді шешім ретінде Нагельсманның негізгі қақпашы ретінде Мануэль Нойерге сенім артуын атауға болады. Соңғы уақытта алаңға шыққаннан гөрі жарақатынан жиі емделетін 40 жастағы қақпашы бас бапкердің өзінен екі жасқа үлкен.
Қалай болғанда да, Германияның топтық кезеңнен өтуіне кедергі келтіретін ештеңе жоқ. Сонымен қатар немістер топта бірінші орын алғаны дұрыс, өйткені плей-оффтың алғашқы кезеңінде Англия немесе Хорватияға қарсы түсіп қалудан қашу керек. Әйтпесе, 1/16 финалдан-ақ қиындықтарға тап болуы мүмкін.
Кюрасао құрамасы
ФИФА рейтиңіндегі орны: 82
Әлем чемпионатындағы дебюті
Бас бапкері: Дик Адвокат (Нидерланд)
Бұл құрама әлем чемпионаттарындағы алғашқы ойынын өткізгелі отыр. Соған қарамастан олар қазірдің өзінде мундиаль тарихына енді. Мәселе мынада: Кюрасао тәуелсіз мемлекет емес, Нидерланд корольдігінің құрамындағы аумақ. Сондықтан оны толыққанды ұлттық құрама деп атау қиын. Дегенмен 2026 жылғы әлем чемпионатында ол жеке құрама ретінде өнер көрсетеді. Бұл – ерекше жағдай.
Алғаш қарағанда «Көгілдір толқындардың» әлем чемпионатына қатысуы сенсация болып көрінуі мүмкін. Бірақ олардың футболшыларының басым бөлігі Нидерланд футбол мектебінен өткен. Көбі Нидерланд жастар құрамаларында ойнағанымен, негізгі құрамға қажет болмай қалған.
Команданы Нидерланд азаматы әрі осы ел құрамасының бұрынғы бас бапкері Дик Адвокат жаттықтырады. Ол Нидерланд құрамасымен бірге Еуро-2004 турнирінің қола жүлдесін жеңіп алған. Сондықтан Кюрасао құрамасының бойынан «қызғылт сары» реңк анық байқалады.
Алайда олардан әлем чемпионатында үлкен жетістік күту қиын. Топтан шығудың өзі Кюрасао үшін ғажайып нәтиже болар еді. Бірақ ол үшін олардың өздері де мүмкіндігінен асып түсуі керек, ал қарсыластары қатарынан сәтсіз өнер көрсетуі қажет.
Кот-д'Ивуар құрамасы
ФИФА рейтиңіндегі орны: 34
Әлем чемпионаттарындағы үздік нәтижесі: топтық кезең (2006, 2010, 2014)
Бас бапкері: Эмерс Фаэ
Кот-д'Ивуар футболшылары әрдайым көзге түсіп жүрген ойыншылар. Олардың кейбірі өз кезеңінде әлемдік деңгейдегі жұлдыздар саналған.
Яя және Коло Туре, Дидье Зокора, Саломон Калу және, әрине, шабуыл патшасы Дидье Дрогба – төрт дүркін АПЛ чемпионы, «Челсимен» бірге Чемпиондар лигасының жеңімпазы және екі мәрте Африканың үздік футболшысы атанған.
Осы жұлдыздардың барлығы ұлттық құрамада ойнаған кезде Кот-д'Ивуар қатарынан үш әлем чемпионатына қатысты. Бірақ Германияда, Оңтүстік Африка Республикасында және Бразилияда өткен турнирлерде плей-оффқа шыға алмады.
Қазір «пілдердің» топтан шығуға мүмкіндігі бар. Қазіргі құрамы Эквадормен екінші орын үшін таласып қана қоймай, Германиямен бірінші орын үшін де бәсекелесуге мүмкіндік береді.
Әрине, бүгінгі құрамда Дрогба деңгейіндегі ойыншылар жоқ. Бірақ көптеген футболшылар Еуропаның үздік лигаларында өнер көрсетеді. Мысалы, Амад Диалло «Манчестер Юнайтедте», Николя Пепе «Вильярреалда», ал қорғаушы Эван Ндика «Ромада» ойнайды.
Команданы жергілікті маман Эмерс Фаэ жаттықтырады. Оның өзі де 2006 жылғы әлем чемпионатында футболшы ретінде ойнаған және кейін Кот-д'Ивуар тізгінінде 2023 жылғы Африка Ұлттар кубогында жеңіске жеткен.
Кот-д'Ивуардың плей-оффқа шығу мүмкіндігі жоғары. Бірақ одан кейін кем дегенде бір кезеңнен жоғары өтуі өте қиын болады.
Эквадор құрамасы
ФИФА рейтиңіндегі орны: 23
Әлем чемпионатындағы үздік нәтижесі: 1/8 финал (2006)
Бас бапкері: Себастьян Беккасесе (Аргентина)
Эквадор құрамасы қатарынан екінші әлем чемпионатына жолдама алып отыр. Бұл жолы да команданы аргентиналық маман жаттықтырады.
Төрт жыл бұрын Катардағы турнирде Эквадорды Густаво Альфаро басқарған еді. Айта кетерлігі, енді ол Парагвай құрамасын әлем чемпионатына алып келеді.
Катарда эквадорлықтар турнирді алаң иелерін жеңумен бастап, кейін Нидерландпен тең түсті. Бірақ соңғы турда Сенегалдан жеңіліп, топта үшінші орын алып, плей-оффқа шыға алмады.
Олардың ең үздік нәтижесі 2006 жылғы Германиядағы әлем чемпионатында тіркелді. Сол кезде Эквадор Германиямен бір топта ойнады. Немістерден 0:3 есебімен жеңілгенімен, Польша мен Коста-Риканы жеңіп, 1/8 финалға шықты. Алайда кейін Англиядан 0:1 есебімен ұтылды.
Сондықтан қазір эквадорлықтардың немістерден 20 жыл бұрынғы жеңіліс үшін қарымта қайтаруға мүмкіндігі бар. Бірақ оны іске асыру өте қиын болады.
Қазіргі Эквадор құрамасының басты күші – қорғаныс шебі. Мұнда «Миланның» ойыншысы Первис Эступиньян, «Арсеналдың» қорғаушысы Пьеро Инкапье және ПСЖ футболшысы Вильян Пачо секілді танымал ойыншылар бар.
Шабуыл мен қорңыс шебінің қатар жұлдызы – «Челсидің» жартылай қорғаушысы Мойсес Кайседо бар. Бірақ ол өткен маусымда командасымен бірге сәтсіз өнер көрсетті.
Пайымдап қарасақ, Эквадор мен Кот-д'Ивуар екінші орын үшін таласады. Дегенмен олардың біреуі бірінші орын алып кетуі немесе керісінше соңғы орынға түсіп қалуы да мүмкін. Әйтсе де екі сценарийдің де ықтималдығы өте төмен.
Е тобындағы матчтар кестесі
Германия – Кюрасао. 14 маусым, 22:00*
Кот-д'Ивуар – Эквадор. 15 маусым, 04:00
Германия – Кот-д'Ивуар. 21 маусым, 01:00
Эквадор – Кюрасао. 21 маусым, 05:00
Кюрасао – Кот-д'Ивуар. 26 маусым, 01:00
Эквадор – Германия. 26 маусым, 01:00
*Матчтар Қазақстан уақыты бойынша.