Елена Рыбакина Стародубцеваны жеңіп, US Open-да 1/8 финалға шықты

Фото: ABC News
Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина US Open-2026 турнирінің 1/8 финалына шықты. Әлемнің екінші ракеткасы үшінші айналымда украиналық Юлия Стародубцеваны 7:6 (8:6), 6:3 есебімен жеңді.
Бірінші сет тартысты өтті. Екі теннисші де өз геймдерін сақтап, партия тай-брейкке дейін жетті. Рыбакина тай-брейкте 8:6 есебімен жеңіске жетіп, есепте алға шықты.
Екінші сетте қазақстандық теннисші сенімдірек ойнап, қарсыласына мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде Рыбакина матчты екі сетте аяқтады.
Кездесу 1 сағат 53 минутқа созылды. Рыбакина 12 эйс жасап, бір қос қателік жіберді. Сонымен қатар 13 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Бұл қазақстандық теннисшінің US Open-дағы үшінші жеңісі болды. Осы турнирдегі үш кездесуінің барлығында Рыбакина қарсыластарын екі сетте жеңді.
Бұл жеңістің тағы бір ерекшелігі бар. Мамыр айында өткен «Ролан Гаррос» турнирінде Стародубцева Рыбакинаны үш сетте – 3:6, 6:1, 7:6 есебімен жеңген еді. Осы жолы қазақстандық теннисші реванш алып, өзара кездесулердегі есепті теңестірді.
Рыбакина US Open-ның 1/8 финалында әлемнің 13-ракеткасы Наоми Осакамен кездеседі. Жапониялық теннисші – «Үлкен дулыға» турнирлерінің төрт дүркін чемпионы. Ол US Open-ды 2018 және 2020 жылдары жеңіп алған.