Рыбакина US Open-дегі кеш аяқталған матчтардан кейін ұйқысын қалай реттейтінін айтты

Фото: Getty Images
Әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина US Open турниріндегі кеш аяқталатын матчтардан кейін қандай қиындықтарға тап болатынын айтты. Қазақстандық теннисшінің сөзінше, ойын аяқталғаннан кейін де ағзаның тынышталып, ұйқыға дайындалуына біраз уақыт қажет.
Теннисшіден тығыз ойын кестесі жағдайында қалай қалпына келетіні сұралды. Турнирдегі кейбір кездесулер түнге қарай аяқталады. Алайда матчтан кейін спортшылардың тамақтанып, қалпына келу процедураларынан өтіп, журналистермен сұхбаттасуы қажет.
Рыбакина тез ұйықтаудың әмбебап тәсілі жоқ екенін мойындады.
«Мұнда ерекше құпия жоқ. Ағзаның біраз тынышталғанын күтуге тура келеді. Кейде тезірек ұйықтап қаламын, ал кейде оған әлдеқайда көп уақыт кетеді. Алдағы күндері бұл мәселені жақсырақ шеше аламын деп үміттенемін», – деді Рыбакина.
Қазақстандық теннисші матчсыз өтетін күннің өзі оған қалпына келуге көбірек уақыт беретінін айтты.
«Ертең менде демалыс күні, сондықтан жақсылап ұйықтап алуға тырысамын. Жалпы, мұндай матчтардан кейін ұйықтау оңай емес. Мен кортта бар күшімді салуға тырысамын, содан кейін қалпыма келіп, турнирдегі өнерімді жалғастыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын», – деді теннисші.
Бұған дейін Рыбакина US Open-2026 турнирінің үшінші айналымына шыққан болатын. Екінші кезеңде ол Испания өкілі Джессика Боузас Манейродан 6:2, 6:4 есебімен басым түсті.
Қазақстандық теннисші турнирдегі қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізді және осы уақытқа дейін қарсыластарына бірде-бір сет бермеді. Бірінші айналымда Рыбакина 17 жастағы америкалық Тея Фродинді де екі сетте – 6:3, 6:2 есебімен жеңген еді.