Басты бет
·
Теннис

Елена Рыбакина Токиодағы қазақстандық дербиде жеңіске жетті

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Jimmie48

Фото: Jimmie48

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Токиода (Жапония) өтіп жатқан WTA 500 турнирінің екінші айналымында отандасы Юлия Путинцеваны жеңіп, ширек финалға шықты.

Әлемнің бірінші ракеткасы 6:2, 6:3 есебімен басым түсті. Рыбакинаға WTA рейтингінде 67-орында тұрған Путинцеваны жеңу үшін 1 сағат 10 минут қажет болды.

Матч барысында «Үлкен дулыға» турнирлерінің үш дүркін чемпионы алты эйс жасап, бір рет қос қателік жіберді және бес брейк-пойнттың үшеуін сәтті пайдаланды. Ал Путинцева бір эйс орындап, қос қателікке жол берген жоқ. Алайда қарсыласының сервисін бұзуға берілген жалғыз мүмкіндігін пайдалана алмады.

Рыбакина үшін бұл Токиодағы алғашқы кездесу болды. Қазақстандық теннисші жарыста бірінші нөмірмен тіркелгендіктен, алғашқы айналымнан автоматты түрде өтті. Ал Путинцева іріктеу кезеңінен кейін негізгі жарыстың бірінші айналымында грекстандық Мария Саккариді 6:4, 3:6, 6:1 есебімен жеңген еді.

Бұған дейін қазақстандық теннисшілер өзара төрт рет кездесіп, екі-екіден жеңіске жеткен. Соңғы рет олар наурыз айында Майамидегі турнирде жолығып, Рыбакина 6:3, 6:3 есебімен жеңіске жетті.

Енді Рыбакина ширек финалда WTA рейтингінде 23-орында тұрған канадалық Лейла Фернандеспен кездеседі. Қос теннисші бұған дейін Қытайдың Нинбо қаласындағы турнирдің финалында ойнап, сол кезде қазақстандық спортшы 6:2, 6:2 есебімен жеңіске жетіп, чемпион атанған болатын.