Елена Рыбакина WTA Live-рейтингінде көш бастады

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Jimmie48

Фото: Jimmie48

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина WTA Live-рейтингінде бірінші орынға көтерілді.

WTA Live-рейтингінде Рыбакинаның еншісінде 7 911 ұпай бар. Арина Соболенко 6 585 ұпаймен екінші орынға түсті. Айта кетейік, Live-рейтинг ресми болып саналмайды. WTA-ның соңғы жарияланған рейтингінде беларусьтік теннисші 8 575 ұпаймен бірінші орында тұрса, қазақстандық спортшы 8 141 ұпаймен екінші орында келеді.

Өзгерістер US Open-2025 турниріндегі нәтижелердің рейтингтен алынуына байланысты болды. Соболенконың былтырғы чемпиондық атағы үшін алған 2 000 ұпайы есептен шығарылса, Рыбакинаның төртінші айналымға шыққаны үшін жинаған 240 ұпайы алынып тасталды. Сонымен қатар екі теннисшіге де биылғы турнирге қатысқаны үшін 10 ұпайдан қосылды. Нәтижесінде Live-рейтингте Соболенконың 6 585, ал Рыбакинаның 7 911 ұпайы бар.

Қазақстандық теннисші US Open турнирінде бірде-бір матчта жеңіске жетпесе де, жарыстан кейін әлемнің бірінші ракеткасы атанады. Ол үшін турнирде Соболенко, Джессика Пегула немесе Кори Гауфф чемпион болмауы керек.

Ал жартылай финалға шығу Рыбакинаға қарсыластарының нәтижесіне қарамастан, әлемдік рейтингте бірінші орынды қамтамасыз етеді. Соболенко көшбасшылығын тек US Open турнирінде жеңіске жетіп, ал қазақстандық теннисші жартылай финалға дейін жете алмаған жағдайда ғана сақтап қалады.