Елена Рыбакинаның келесі турнирі қашан өтеді?

Фото: Getty Images
Әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 2026 жылғы маусымды мерзімінен бұрын аяқтағанына қарамастан, жыл соңына дейін кортқа қайта оралуы мүмкін.
Қазақстандық теннисші Оңтүстік Кореяда өтетін The Six көрме турниріне қатысатын спортшылардың қатарына енді. Жарысқа әлемнің алты танымал теннисшісі қатысады.
Турнир 25–27 желтоқсан аралығында Инчхон қаласындағы Inspire Arena кешенінде өтеді. Ұйымдастырушылар ерлер арасындағы Six Kings Slam жарысына ұқсас формат дайындаған. Турнирдің жалпы жүлде қоры 1,1 миллион долларды құрайды.
Рыбакинадан бөлек, жарысқа беларусьтік Арина Соболенко, ресейлік Мирра Андреева, польшалық Ига Швентек, жапониялық Наоми Осака және италиялық Жасмин Паолини қатысады.
Жарыс жеңілген спортшы турнирден шығып қалатын жүйе бойынша ұйымдастырылады. Алғашқы күні төрт теннисші жартылай финалдың екі жолдамасын сарапқа салады. Ал жоғары рейтингке ие екі қатысушы жарысты бірден жартылай финалдан бастайды.
Алдын ала жоспар бойынша Елена Рыбакина алғашқы кездесуін 26 желтоқсанда өткізеді. Финал 27 желтоқсанға белгіленген.
Айта кетейік, The Six WTA-ның ресми күнтізбесіне кірмейді. Сондықтан қатысушыларға рейтингтік ұпай берілмейді.
Қазақстандық теннисші үшін бұл турнир денсаулығына байланысты үзілістен кейін ойын тәжірибесін қайта жинауға мүмкіндік болмақ.
Қазан айында Рыбакина жарақатына байланысты Уханьдағы WTA 1000 турнирінен бас тартқан еді. Алайда көп ұзамай кортқа оралып, Нинбодағы WTA 500 жарысында чемпион атанды.
25 қазанда өткен финалда ол канадалық Лейла Фернандесті 6:2, 6:2 есебімен жеңді. Бұл Рыбакинаның маусымдағы төртінші титулы болды.
Кейін Токиодағы турнирде отандасы Юлия Путинцеваны 6:2, 6:3 есебімен ұтып, жыл қорытындысы бойынша әлемдік рейтингте бірінші орын алатынын мерзімінен бұрын қамтамасыз етті.
Дегенмен мойын тұсындағы қабыну мен ауырсынуға байланысты ширек финалдағы кездесуінен бас тартуға мәжбүр болды.
7 қарашада Рыбакинаның вирустық ауру салдарынан Индиан-Уэллсте өтетін WTA қорытынды турниріне де қатыспайтыны белгілі болды. Осылайша ол былтыр жеңіп алған чемпиондық атағын қорғай алмады. Оның орнына украиналық Марта Костюк қатысты.
Денсаулығына байланысты қиындықтарға қарамастан, 2026 жыл Рыбакина үшін мансабындағы ең табысты маусымдардың біріне айналды.
Ол Аустралия ашық чемпионатында, US Open турнирінде, Штутгарт пен Нинбода топ жарды. Сондай-ақ мансабында алғаш рет жылды әлемнің бірінші ракеткасы ретінде аяқтады.