Елена Рыбакина үлкен мансабына жол ашқан жеңісін атады

Фото: Getty Images
Әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина мансабындағы ең маңызды жеңістердің бірі туралы айтып, 2022 жылғы Уимблдон турнирін ерекше атап өтті. Қазақстандық теннисші дәл осы жарыста алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирінің чемпионы атанған еді.
Индиан-Уэллсте журналистермен кездескен Рыбакинадан мансабындағы ең маңызды жетістігін атауды сұрады. Қазақстандық спортшы Уимблдондағы жеңісін еске алып, бұл турнирдің өзі үшін ерекше орны бар екенін айтты.
«Егер менің алғашқы шын мәніндегі үлкен жеңісім туралы айтатын болсақ, ол, әрине, Уимблдон. Бұл турнирдің атмосферасы мүлде бөлек. Шөп төселген корттар өте әдемі көрінеді, ал мұндай төсеніште өтетін маусым өте қысқа.
Сонымен қатар Уимблдонның басқа турнирлерде кездеспейтін дәстүрлері бар. Мысалы, міндетті түрде ақ түсті киім кию керек. Осының бәрі Уимблдонды мен үшін ерекше етеді», – деді Рыбакина.
2022 жылғы Уимблдон қазақстандық теннисшінің мансабындағы бетбұрыс кезеңіне айналды.
Финалда Рыбакина тунистік Онс Жабермен кездесті. Алғашқы сетте 3:6 есебімен жеңілгеніне қарамастан, отандасымыз ойын барысын өзгертіп, келесі екі партияда 6:2, 6:2 есебімен басым түсті.
Осылайша Елена Рыбакина Қазақстан тарихында жекелей сында «Үлкен дулыға» турнирін жеңіп алған алғашқы теннисші атанды.
Уимблдондағы жеңіс оған әлемдік танымалдық әкеліп қана қоймай, кейінгі ірі жетістіктеріне жол ашты.
Айта кетейік, Рыбакина үшін 2026 жылғы маусым жоспарланған уақыттан ерте аяқталды. Әлемнің бірінші ракеткасы вирустық инфекцияға байланысты WTA қорытынды турниріне қатысудан бас тартты.
Соған қарамастан, қазақстандық теннисші жыл қорытындысы бойынша әлемдік рейтингтегі бірінші орнын сақтап қалуға кепілдік берді.
2026 жылы Рыбакина Australian Open және US Open турнирлерінде де топ жарды. Ол маусымды төрт чемпиондық атақпен аяқтап, өткізген 68 кездесуінің 54-інде жеңіске жетті.