Басты бет
·
Теннис

Рыбакина WTA қорытынды турниріндегі қарсыластарына баға берді

Али Асетов··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 8-15 қараша аралығында АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтетін WTA қорытынды турнирінен не күтетінін айтты.

Қазақстандық теннисші қарсыластарының деңгейі жоғары екенін атап өтіп, биылғы жарыстың бұрынғы турнирлерден қандай ерекшелігі болатынына тоқталды.

Жеребе қорытындысы бойынша Рыбакина бірінші топқа түсті. Оның тобында америкалықтар Кори Гауфф пен Джессика Пегула, сондай-ақ чехиялық Линда Носкова бар. Екінші топта Арина Соболенко, Мирра Андреева, Элина Свитолина және Каролина Мухова өнер көрсетеді.

Жеребе тарту рәсімінде қазақстандық теннисші жарыстың басталуын асыға күтіп жүргенін жеткізді.

«Бұл турнирге қайта қатысатыныма өте қуаныштымын. Жыл сайын жарыс әртүрлі жағдайда өтеді. Ал бұл жолы ашық кортта ойнаймыз. Мұнда әлемнің ең мықты теннисшілері жиналды. Олардың әрқайсысы жоғары деңгейде жеңіске жете алатынын дәлелдеген. Сондықтан оңай матчтар болмайтыны анық», – деді Рыбакина.

Қазақстандық спортшы алғашқы кездесуін 8 қарашада Линда Носковаға қарсы өткізеді. Матч жергілікті уақыт бойынша сағат 12:00-де, Қазақстан уақытымен 9 қарашаға қараған түні 01:00-де басталады.

Бұған дейін теннисшілер өзара үш рет кездесіп, үшеуінде де Рыбакина жеңіске жеткен. Соңғы рет 2025 жылдың қазан айында Уханьдағы турнирде жолығып, Елена 6:3, 6:4 есебімен басым түсті.

Қазақстандық теннисші топтағы өзге қарсыластарымен де жақсы таныс. Биыл қыркүйекте Рыбакина US Open турнирінің жартылай финалында Кори Гауффпен кездескен. Алғашқы сетте жеңілгеніне қарамастан, Елена матч барысын өзгертіп, 3:6, 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Кейін финалда Арина Соболенконы ұтып, турнир чемпионы атанды.

Джессика Пегуламен де биыл кездескен. Майамидегі WTA 1000 турнирінің ширек финалында Рыбакина алғашқы сетте жеңілгенімен, қалған екі партияда басым түсіп, 2:6, 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Елена қорытынды турнирге қазіргі чемпион мәртебесінде қатысады. 2025 жылдың қарашасында ол маусымның үздік сегіз теннисшісі бас қосқан жарыста алғаш рет топ жарған еді. Финалда Соболенконы 6:3, 7:6 есебімен жеңді.

Биылғы маусым да Рыбакина үшін мансабындағы ең табыстыларының бірі болды. Қазақстандық теннисші Australian Open және US Open турнирлерінде чемпион атанып, Штутгарт пен Нинбодағы жарыстарда да жеңіске жетті. Сонымен қатар қыркүйекте алғаш рет WTA рейтингінде көш бастады.

Елена соңғы жүлдесін 25 қазанда Қытайдың Нинбо қаласында жеңіп алды. Финалда канадалық Лейла Фернандесті 6:2, 6:2 есебімен ұтты. Кейін Токиода өнер көрсетіп, Юлия Путинцеваны жеңгенімен, ширек финалдағы матчтан жарақатына байланысты бас тартты.

Енді Рыбакина былтырғы чемпиондық атағын жаңа жағдайда қорғауға тырысады. Эр-Риядта жабық ғимаратта өткен турнирден айырмашылығы, биылғы жарыс ашық кортта ұйымдастырылады. Мұндай формат соңғы рет 2023 жылы Мексиканың Канкун қаласында қолданылған.

Әр топтағы теннисшілер үш матчтан өткізеді. Топта үздік нәтиже көрсеткен екі спортшы жартылай финалға жолдама алады. Осылайша, Рыбакина мансабындағы ең сәтті маусымдардың бірін тағы бір ірі жеңіспен аяқтауға мүмкіндік алады.

Рыбакина WTA қорытынды турниріндегі қарсыластарына баға берді – sport-hub