Басты бет
·
Теннис

Рыбакина мен Путинцева қазан айының үздік соққысы атағына таласады

Дина Хамзина··
Фото: instagram.com/yulia_putintseva

Фото: instagram.com/yulia_putintseva

Қазақстандық екі теннисші Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) арнайы марапатына үміткерлер қатарына енді. Жеңімпаз жанкүйерлердің дауыс беруі арқылы анықталады.

Қазақстандық теннисшілер Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева қазан айындағы үздік соққы (Shot of the Month) номинациясына ұсынылды.

WTA өткен айдағы ең әсерлі ойын сәттерінің топтамасын жариялап, жанкүйерлерге Instagram желісіндегі дауыс беру арқылы үздігін таңдауды ұсынды.

Елена Рыбакина бұл номинацияға Қытайдың Нинбо қаласында өткен WTA 500 турниріндегі әдемі соққыларының бірі үшін ұсынылды. Қазақстандық теннисші аталған жарыста сәтті өнер көрсетіп, финалда канадалық Лейла Фернандесті 6:2, 6:2 есебімен жеңіп, чемпиондық атақты жеңіп алған болатын.

Үміткерлер қатарында Юлия Путинцева да бар. Корттағы сан түрлі соққыларымен және ерекше шешімдерімен танымал қазақстандық теннисшінің ойын барысындағы қарқынды өзгертіп, қысқа соққыларды тиімді пайдаланған сәті үздіктер қатарына қосылды.

Қазақстандықтардан бөлек, бұл марапатқа чехиялық Каролина Мухова, Сара Бейлек пен Катерина Синякова, польшалық Майя Хвалиньска, қытайлық Чжэн Циньвэнь, ресейлік Диана Шнайдер, канадалық Лейла Фернандес және италиялық Жасмин Паолини үміткер атанды.

Жалпы, дауыс беруге он теннисші қатысады. Қазан айының үздік соққысын WTA ұйымының Instagram парақшасында таңдауға болады.

Жеңімпаз жанкүйерлердің дауыс беру қорытындысы бойынша анықталады.