WTA рейтингін жаңартты: қазақстандық теннисшілер нешінші орында?

Фото: Getty Images
Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) жекелей және жұптық сындағы әлемдік рейтингтің жаңартылған нұсқасын жариялады.
Әлемдік рейтингтің көш басында қазақстандық Елена Рыбакина орналасқан. Ол планетаның үздік теннисшілері арасындағы бірінші орнын сақтап қалды.
Үздік үштікте одан кейін Беларусь өкілі Арина Соболенко мен ресейлік Мирра Андреева тұр. Ал төртінші орын үшін америкалық теннисшілер арасында өзгеріс болды. Кори Гауфф бір саты жоғарылап, Джессика Пегуланы бесінші орынға ығыстырды.

Рыбакина үшін соңғы жарыс Токиода өткен WTA-500 турнирі болды. Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда отандасы Юлия Путинцеваны жеңгенімен, денсаулығына байланысты ширек финал алдындағы кездесуден бас тартты.
Путинцева Рыбакинадан жеңілгеніне қарамастан, рейтингтегі жағдайын жақсартты. Ол бір апта ішінде үш сатыға көтеріліп, 64-орынға жайғасты.
Қазақстандық өзге теннисшілер арасында да өзгерістер бар. Соня Жиенбаева үш сатыға жоғарылап, 391-орынға көтерілді. Ал Жібек Құламбаева төрт сатыға төмендеп, 473-орынға тұрақтады.
Жұптық сында Қазақстанның үздік теннисшісі – Анна Данилина. Ол әлемдік рейтингтегі жетінші орнын сақтап қалды.
Жұптық сындағы көшбасшылар қатарында чехиялық Катерина Синякова мен америкалық Тейлор Таунсенд бар. Үшінші орынды канадалық Габриэла Дабровски мен бразилиялық Луиза Стефани өзара бөлісіп тұр.
Айта кетейік, WTA-500 санатындағы Toray Pan Pacific Open турнирі Токиода 26 қазан мен 1 қараша аралығында өтті. Жекелей сында ресейлік Диана Шнайдер чемпион атанды.