Элина Свитолина мен Гаэль Монфис ажырасатынын мәлімдеді

Фото: Jimmie48
Украиналық теннисші Элина Свитолина мен француз теннисшісі Гаэль Монфис бес жылдық некеден кейін екі жаққа кету туралы шешім қабылдады. Спортшылар сегіз жыл бойы қарым-қатынаста болған.
19 қазанда Свитолина Instagram парақшасында ажырасу себептерін түсіндірді. Оның айтуынша, Украинадағы соғыс эмоционалдық жағдайына қатты әсер еткен. Теннисші ұйқысыз түндерді бастан өткеріп, өзіне деген сенімін жоғалтып, біртіндеп ішкі тепе-теңдігінен айырылғанын айтты.
«Бұл – мен үшін айтуға тура келген ең қиын әңгіме. Украина мен үшін қаншалықты маңызды екенін бәріңіз білесіздер. Алайда соғыстың ішкі жағдайыма қалай әсер еткені туралы сирек айтатынмын. Өткен жылы эмоционалдық тұрғыдан ойнауды жалғастыруға дайын болмағандықтан, жарыстардан үзіліс алуым қажет екенін айттым. Бүгін осы туралы толығырақ бөліскім келеді.
Сіздер менің ұйқысыз түндерімді, күмәндарымды және өзімді біртіндеп жоғалта бастағанымды көрген жоқсыздар. Ал Гаэль мұның бәрін көрді. Ол ешқашан қолымды жіберген емес. Біз ұзақ уақыт бойы бірге күресіп, бар күшімізді салдық. Бірақ кейбір күрес адамның ішкі әлемінде жүреді. Басқа адамның махаббаты қаншалықты күшті болса да, ол сенің орныңа бұл күресте жеңіске жете алмайды.
Уақыт өте келе өзімді қайта табуым керек екенін және некеде қала отырып, мұны жасай алмайтынымды түсіндім. Бұл – мен бетпе-бет келген ең ауыр шындық әрі жақсы көретін адамыма айтуға тура келген ең қиын сөздер. Гаэль мені тыңдады. Ол менің қажеттіліктеріме өмір бойы ұмытпайтын түсіністікпен, күш-жігермен және абыроймен қарады.
Гаэль өмірімнің ең бақытты сәттерінде де, ең қиын кезеңдерінде де мені жақсы көрді. Мен де оны шын жүрегіммен сүйдім. Біз бірге керемет өмір құрып, ең қымбат сыйымыз – Скай есімді қызымызға ие болдық. Скай әрдайым біз үшін бірінші орында болады. Некеміз аяқталғанымен, отбасымыз бұзылмайды. Біз мәңгі оның ата-анасы болып қаламыз және өмірінің әр кезеңінде бір-бірімізге қолдау көрсетеміз.
Біздің жағдайымызда ешкім кінәлі емес екенін түсінулеріңізді сұраймыз. Бір-бірін шын сүйген екі адам бар, енді олардың ортақ тарихы басқа арнаға бұрылып отыр. Қалпымызға келу үшін бізге түсіністік, жеке кеңістік және уақыт қажет. Қолдауларыңыз үшін рақмет», – деп жазды Свитолина.
Айта кетейік, Свитолина мен Монфис 2021 жылдың 16 шілдесінде Швейцарияның Женева қаласында некелескен. 2022 жылдың қазан айында олардың Скай есімді қызы дүниеге келген. Ерлі-зайыптылар бірге өмір сүрген жылдары жарыстарда бір-біріне қолдау көрсетіп келді.
Свитолина мансабында WTA рейтингінде үшінші орынға дейін көтерілсе, Монфис ATP рейтингінде алтыншы сатыға жеткен.