Эллиот Андерсон «Манчестер Ситиге» рекордтық сомаға ауысты

Аружан Талгат··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Англия құрамасының жартылай қорғаушысы Эллиот Андерсон мансабын «Манчестер Ситиде» жалғастырады.

Sky Sports мәліметінше, «қалалықтар» 22 жастағы хавбекті «Ноттингем Форесттен» 116 миллион фунт стерлингке (шамамен 135 миллион еуро) сатып алу жөнінде келісімге келген. Футболшы жаңа командасына 2026 жылғы әлем чемпионатындағы ойындарын аяқтағаннан кейін қосылады.

Бұл трансфер ағылшын футболшылары арасындағы рекордқа айналды. Бұған дейін ең қымбат ойыншы саналған Джуд Беллингем 2023 жылы дортмундтық «Боруссиядан» мадридтік «Реалға» 115 миллион фунтқа ауысқан еді.

Хабарларға қарағанда, Андерсонға «Манчестер Юнайтед» те қызығушылық танытқан, алайда футболшы өзі дәл «Манчестер Ситиге» өтуді қалағанын бірден білдірген.

Жаңа клубында англиялық ойыншы Энцо Маресканың жетекшілігімен өнер көрсетеді. Итальяндық маман команданы Англия чемпионы атағына қайта жеткізуді көздеп отыр. 2026 жылғы әлем чемпионатында Андерсон Англия құрамасының барлық төрт матчына қатысып, команданың негізгі ойыншыларының бірі болды.

«Ноттингем Форест» сапында жартылай қорғаушы 92 матч өткізіп, алты гол соғып, 11 нәтижелі пас берген. Сонымен қатар, 2025/26 маусымында ол Англия Премьер-лигасында допты қайтарып алу (306), жекпе-жектерде жеңіске жету (297) және өзіне қарсы ереже бұзушылықтар саны (80) бойынша үздік атанды.