«Ешкім Мессидің турнирден кеткенін қаламады». Мысыр бапкері ФИФА-ны сынға алды

Фото: Getty Images
Мысыр құрамасының бас бапкері Хоссам Хассан 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалында Аргентинадан 2:3 есебімен жеңілгеннен кейін ФИФА-ның әрекетін қатаң сынға алды.
Мысырлықтар матч барысында 2:0 есебімен алда тұрғанымен, басымдықтарын сақтай алмай, ойын соңында жеңіліп қалды.
Матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында Хассан әлем чемпионаты спорттық қағидаттан алыстап, коммерциялық жобаға айналып бара жатқанын мәлімдеді.
«Әлем чемпионаты маркетингтік жобаға айналғаны анық. Ешкім Мессидің турнирден кеткенін қаламады. Сондықтан бұл матчта әділдік болған жоқ. Оның бұл жеңісті тойлауға еш негізі жоқ», – деді Хассан.
Сондай-ақ мысырлық маман бұл жағдайға қарсылық ретінде әлем чемпионатының қалған ойындарын көрмейтінін айтты.
«Бүгіннен бастап әлем чемпионатының бірде-бір матчын көрмеймін. Бұл – біз тап болған әділетсіздікке қарсы менің наразылығым. Соған қарамастан, өз футболшыларымды мақтан тұтамын. Олар мен үшін өз елінің нағыз қаһармандары», – деді Мысыр құрамасының бас бапкері.
Айта кетейік, Аргентина құрамасы ширек финалда Швейцариямен кездеседі. 2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Турнирдің финалы 19 шілдеде болады.