Фабрегас «Комоның» тарихи жеңісінен кейін командаға ескерту жасады

Бекарыс Әлімхан··
«Комо» ФК

«Комо» ФК

«Комо» бас бапкері Сеск Фабрегас Чемпиондар лигасының бірінші турында «РБ Лейпцигті» 4:1 есебімен жеңгеннен кейін пікір білдірді.

Айта кетейік, бұл команда тарихындағы еурокубоктардағы алғашқы матчы болды. «Комо» Чемпиондар лигасында өнер көрсеткен Италияның 12-клубы атанды.

«Тамаша матч өткіздік. Бұл біздің Чемпиондар лигасындағы алғашқы ойынымыз және тарихи кеш болды. «Лейпцигтің» жоғары қарқынмен прессинг жасайтынын білдік. Қарсыласымызды, оның позициялық ойынын зерттеп, бізге қарсы қалай әрекет ететінін түсінуге тырыстық.

Кей сәттерде, әсіресе екінші таймда қарсылас қарқынын арттырған кезде, шыдамдылық танытуға тура келді. Алайда шамамен 60-минуттан кейін бейімделіп, өте жақсы ойнай бастадық. Әсіресе қорғаныстан шабуылға ауысу кезінде жақсы әрекет еттік. 4:1 есебі біздің неге қабілетті екенімізді көрсетеді.

Турнирді үш ұпаймен бастау әрқашан маңызды. Бұл Чемпиондар лигасы болсын немесе басқа жарыс болсын. Біз үшін бұл жеңіс өткен маусымда атқарған орасан зор еңбегіміздің жемісі болды. Осы турнирдің бір бөлігі болғанымызға өте қуаныштымыз. Бірақ өзіміздің кім екенімізді ұмытпауымыз керек. Қарапайым болып, аяғымызды нық басып жүруіміз қажет», — деп Фабрегастың сөзін УЕФА сайты келтіреді.

Чемпиондар лигасының екінші турында «Комо» 14 қазанда сырт алаңда «Фейеноордпен» кездеседі. Ал «РБ Лейпциг» өз алаңында ПСВ-ны қабылдайды.