Феликс Оже-Альяссим Шанхайдағы «Мастерс» турнирінің 1/8 финалына шықты

Фото: x_@betbugstennis
Канадалық теннисші Феликс Оже-Альяссим Шанхайда өтіп жатқан ATP-1000 санатындағы турнирдің төртінші айналымына жолдама алды. Ол испаниялық Пабло Карреньо-Бустаны жеңді.
Кездесу 1 сағат 59 минутқа созылып, 6:3, 4:6, 6:1 есебімен аяқталды. Канадалық теннисші жеті эйс жасап, екі рет қос қателік жіберді және тоғыз брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды. Ал Карреньо-Буста бес эйс орындап, екі рет қос қателік жіберді және үш брейк-пойнттың біреуін ғана жүзеге асырды.
Алғашқы сетте Оже-Альяссим қарсыласының сервисін екі рет бұзды. Испаниялық теннисші екінші партияда есепті теңестіргенімен, шешуші сетте бір гейм ғана ұта алды. Бұл канадалықтың Карреньо-Бустаға қарсы екі кездесудегі екінші жеңісі болды.
Бұған дейін Оже-Альяссим аргентиналық Камило Уго Карабельлиді 4:6, 7:6 (7:1), 7:5 есебімен жеңген еді. Төртінші айналымда оның қарсыласы америкалық Лернер Тьенді жеңген норвегиялық Каспер Рууд болады.
Бұл теннисшілердің ATP деңгейіндегі тоғызыншы кездесуі болмақ. Қазіргі таңда Оже-Альяссим жеке кездесулерде 5:3 есебімен алда келеді. Соңғы рет олар сәуір айында Монте-Карлодағы «Мастерс» турнирінде кездескен. Сол жолы норвегиялық теннисші екінші сетте матчты жалғастырудан бас тартқан.
Айта кетейік, Шанхайдағы «Мастерс» турнирі 7-18 қазан аралығында хард төсенішінде өтеді. Жарыстың жалпы жүлде қоры 9,4 миллион доллардан асады.