ФИФА ҚФФ-ға жас футболшыларды дамытуға қаржы бөлді

Бекарыс Әлімхан··
ҚФФ

ҚФФ

ФИФА Қазақстан футбол федерациясының 2026 жылы Talent Development Scheme (TDS) бағдарламасы аясында жобаларды қаржыландыруға берген өтінімін мақұлдады. Грант көлемі 250 мың АҚШ долларын құрады.

Бөлінген қаражаттың жартысы ҚФФ-ның бүкіл ел бойынша болашағы зор жас футболшыларды іздеу, іріктеу және одан әрі дамытуға бағытталған «Болашақ чемпиондары» жобасын жүзеге асыруға жұмсалады.

Қалған қаражат жаттықтырушылар мен скауттарға арналған білім беру бағдарламаларын өткізуге, TDS бағдарламасын әкімшілік сүйемелдеуге, сондай-ақ балаларды қорғау стандарттарын енгізу мен жас ойыншыларға психологиялық қолдау көрсетуге қарастырылған.

Talent Development Scheme — ФИФА футболшыларды даярлау деңгейіндегі елдер арасындағы алшақтықты азайту және болашағы зор ойыншылардың өз әлеуетін толық жүзеге асыруына жағдай жасау мақсатында іске қосқан жаһандық бағдарлама.

2025 жылдың соңына қарай TDS бағдарламасына 190-нан астам ұлттық қауымдастық қосылды. ФИФА бағдарламаны жүзеге асыруға 200 миллион АҚШ долларын бөлуді жоспарлаған.