Футбол агенті «Спартак» клубын Самородовқа қатысты жағдай үшін сынға алды

«Ахмат» ФК
Футбол агенті Тимур Гурцкая қазақстандық шабуылшы Максим Самородовтың «Спартакқа» ауысуы ойыншының тізесінде анықталған шағын кистаға байланысты жүзеге аспағанын айтты.
Гурцкая футболшыға шамамен үш ай бойы қызығушылық танытып, келіссөз жүргізген мәскеулік клубтың трансферлік терезе жабылардан бірнеше сағат бұрын ғана мәмілені аяқтауға тырысқанын сынға алды.
«Оның тізесінен ұлғаюы мүмкін кішкентай киста анықталды. Егер футболшы бойынша үш ай келіссөз жүргізсеңдер, неге оны соңғы күнге дейін бақылауда ұстап, мәмілені аяқтауға небәрі төрт сағат қалғанда әрекет еттіңдер? Мен клуб дәрігерлерінің бір-бірімен жеткілікті түрде дұрыс қарым-қатынас жасайтынын нақты білемін. Егер «Спартак» дәрігері «Ахматтан» ойыншының тексеру нәтижелерін сұратса, барлық ақпаратты толық алады — ешкім ештеңені жасырмайды.
Футболшыны үш ай бойы бақылап, оның тізесін де үш ай бойы көріп жүрсіңдер. Ол тіпті бес апта ойнай алмай қалуы мүмкін болған күннің өзінде, соның үш аптасы ұлттық құрама матчтарына сәйкес келеді. Бұл салғырттық әрі бапкерді қиын жағдайға қалдыру. Сен оған футболшыны алып беремін деп уәде етесің, ол ойыншыға сенім артады, ал кейін «футболшының тізесінде киста бар» деп айтасың», - деді Гурцкая «Это футбол, брат!» YouTube-шоуының шығарылымында.
Еске салайық, бұған дейін «Спартак» пен «Ахмат» футболшының трансфері бойынша келісімге келген еді. Алайда мәміле тіркеу кезеңінің соңғы күнінде жүзеге аспай қалды. Мәскеулік клуб футболшының МРТ нәтижелерін алғаннан кейін трансферден бас тартты.
Самородов 2024 жылдың жазынан бері «Ахмат» сапында өнер көрсетіп келеді. Қазақстандық футболшы Грозный клубына «Ақтөбеден» ауысқан. 24 жастағы ойыншының клубпен келісімшарты 2028 жылға дейін есептелген.