«Галатасарай» «Арсеналмен» Мартинеллидің трансфері бойынша келіссөз бастады

«Арсенал» ФК
«Арсеналдың» қанат ойыншысы Габриэл Мартинелли мансабын Түркия чемпионатында жалғастыруы мүмкін. «Галатасарай» бразилиялық футболшының трансфер құнын талқылаған.
talkSPORT мәліметінше, «Галатасарай» «Миланның» ойыншысы Рафаэл Леау бойынша келісімге келе алмағаннан кейін Мартинеллиге қызығушылық танытқан. Тараптар футболшыны биыл жазда қандай сомаға ауыстыруға болатынын талқылаған.
Алайда «Арсенал» шабуылдың сол қанатын күшейтпейінше, Мартинеллиді жіберуге ниетті емес. Лондондық клуб футболшыны тек оның орнына деңгейлес ойыншы алған жағдайда сатуды қарастыруға дайын. Клубтың ықтимал нұсқалары қатарында Кенан Йылдыз, Хулиан Альварес, Илиман Ндиай және Эли Жуниор Крупи бар.
Мартинеллидің қазіргі келісімшарты 2027 жылдың жазына дейін жарамды. Сонымен қатар «Арсенал» келісімді тағы бір маусымға ұзарту мүмкіндігіне ие. Бұған дейін 25 жастағы футболшыға Сауд Арабиясының клубтары да қызығушылық танытқан.
Бразилиялық ойыншы «канонирлер» сапында 2019 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Лондондық клуб құрамында Мартинелли барлық турнирде 278 матч өткізіп, 62 гол соққан және 36 нәтижелі пас берген.