Гауфф Пегуланы жеңіп, Цинциннатиде екінші рет чемпион атанды

Фото: Jimmie48
Әлемнің төртінші ракеткасы Кори Гауфф АҚШ-тың Цинциннати қаласында өткен WTA-1000 санатындағы турнирдің жеңімпазы атанды. Америкалық теннисші финалда отандасы, әлемнің үшінші ракеткасы Джессика Пегуланы жеңді.
Шешуші кездесу Гауффтың екі сеттегі жеңісімен аяқталды — 6:2, 6:4. Теннисшілер кортта 1 сағат 15 минут өткізді.
Гауфф екі эйс жасап, екі рет қосарланған қателікке жол берді және алты брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Ал Пегула эйс жасай алмады, бір рет қосарланған қателік жіберіп, өзіне берілген екі брейк-пойнттың екеуін де жүзеге асырды.
Бұл теннисшілердің өзара өткізген оныншы кездесуі болды. Финалға дейін Пегула 5:4 есебімен алда тұрған еді. Осы жеңісінен кейін Гауфф жеке кездесулердегі есепті теңестірді. Сонымен қатар Кори биыл Пегуламен өткізген екі матчтың екеуінде де жеңіске жетті.
Айта кетейік, Гауфф Цинциннати турнирінде мансабында екінші рет чемпион атанды. Америкалық теннисші алғашқы титулын 2023 жылы жеңіп алған болатын.
Осылайша, Гауфф 2004 жылдан бері Цинциннати турнирінде кемінде екі рет жеңіске жеткен үшінші теннисші атанды. Бұған дейін мұндай жетістікке Серена Уильямс пен Виктория Азаренко қол жеткізген.
Кори Гауфф жеңісі үшін 785 рейтинг ұпайы мен 1 085 220 АҚШ доллары көлеміндегі жүлдеге ие болады.