Гауфф Цинциннатидегі «мыңдықта» Самсоновадан ерік-жігер танытып басым түсті

Фото: Jimmie48
Америкалық теннисші Кори Гауфф АҚШ-тың Цинциннати қаласында өтіп жатқан WTA-1000 санатындағы турнирдің үшінші айналымына шықты. Ол ресейлік Людмила Самсонованы (WTA 45) жеңді.
Әлемнің төртінші ракеткасы кездесуде 2:6, 6:4, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Теннисшілер кортта 2 сағат 5 минут өткізді. Матч барысында Гауфф 11 эйс жасап, бес рет қос қателік жіберді. Ал Самсонова бес рет эйс жасап, екі қос қателікке жол берді. Америкалық теннисші үш брейк-пойнтты пайдаланды, ал ресейлік спортшы екі брейк жасады.
Бұл теннисшілердің өзара бесінші кездесуі болды. Барлығында да Гауфф жеңіске жеткен. Цинциннати турниріне дейін америкалық спортшы Самсонованы 2019 жылы Линцте, 2021 жылы Чарльстонда, 2023 жылы Вашингтонда және биыл сәуір айында Штутгартта жеңген.
Үшінші айналымда Гауфф әлемнің 29-ракеткасы Энн Лимен кездеседі. Америкалық теннисшілер бұған дейін үш рет жолығып, барлық кездесуде Гауфф жеңіске жеткен.