Григорий Бабаян «Ақтөбені» жеңу туралы: команда соңына дейін мінез көрсетті

Бегасыл Амирбай ··
«Астана» ФК

«Астана» ФК

«Астана» командасының бас бапкері Григорий Бабаян Қазақстан Премьер-лигасының 17-туры аясында «Ақтөбеге» қарсы өткен матчтағы (3:2) жеңісіне қатысты пікір білдірді.

Маман өз командасының үзілістен кейінгі ойыны мен көрсеткен мінезінің арқасында жеңіске лайық болғанын атап өтті.

«Менің ойымша, матч жанкүйерлерге ұнады. Бүгін олардың саны көп болды. Осындай атмосферада ойнау өте жағымды. Иә, трибуналар толық толмаса да, қолдау анық сезілді. Бұл біз үшін өте маңызды.

Алғашқы отыз минутта ойынды жақсы бақылауда ұстадық. Соңғы соққыда сәл өткірлік жетіспеді, кейде дәл емес пас, кейде басқа да қателіктер болды. Жақсы гол соқтық, бірақ үзіліске таяу жауапты гол жіберіп алдық. Бірінші таймның соңғы он бес минуты сәтсіз өтті.

Екінші таймда біздің жеңіске лайық екенімізге ешкімнің күмәні болған жоқ деп ойлаймын. Көп соққы жасап, көптеген мүмкіндік тудырдық, бірақ жүзеге асыру жағы ақсады. Соған қарамастан команда соңына дейін күресіп, мінез көрсетті. Көптеген жас футболшылар мен көптен бері ойнамағандар өз міндетін орындады. Біз жігіттерден ойыннан ләззат алып, қарсыласқа жылдам шабуылға шығуға мүмкіндік бермеуді сұрадық. Бір сәтте ондай мүмкіндік болды, бірақ ең бастысы – жеңіске жеттік», – деп келтіреді Бабаянның сөзін клубтың баспасөз қызметі.

«Астана» келесі матчын 16 шілде күні «Астана Аренада» өткізеді. Онда УЕФА Конференциялар лигасының бірінші іріктеу кезеңінің қарымта ойынында албаниялық «Динамо Сити» командасын қабылдайды. Алғашқы кездесу қазақстандық клубтың 1:0 есебімен жеңісімен аяқталған.

17 турдан кейін Қазақстан Премьер-лигасында «Астана» 29 ұпай жинап, турнир кестесінде үшінші орында тұр. Ал «Ақтөбе» 25 ұпаймен жетінші орынға жайғасқан.