Инфантино: ӘЧ-2026 қатысушылары виза мәселесіне тап болмайды

Фото: ҚФФ
ФИФА президенті Джанни Инфантино бұған дейін 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысатын барлық құраманың АҚШ-қа кіру визасын еш қиындықсыз ала алатынын мәлімдеді.
Өткен жылдың тамыз айында Инфантино әлем чемпионатына қатысушыларға арналған виза рәсімдеу үдерісі еш кедергісіз ұйымдастырылатынын ерекше атап өткен еді.
«Бұл мәселені нақтылап алған жөн деп ойлаймын. Осы тақырып төңірегінде түрлі қате түсініктер көп. Келесі жылы өтетін әлем чемпионатында Канада, Мексика және АҚШ барлық қонақты қуана қарсы алады. Виза алу үшін белгілі бір рәсімдер бар, бірақ бұл үдеріс еш қиындықсыз жүзеге асады. Біз әлемді біріктіргіміз келеді. Барлығы да қошеметпен қабылданады. Сіздер тарихтағы ең ауқымды әлем чемпионатының керемет мерекесіне куә боласыздар», – деп келтіреді Инфантиноның сөзін журналист Мелисса Редди.
Алайда турнир қарсаңында Иран құрамасының футболшылары мен жаттықтырушылар штабы өкілдерінің АҚШ визасын рәсімдеуде қиындықтарға тап болғаны туралы ақпарат тарады. Бұған дейін де кейбір құрамалар құжат рәсімдеу барысында осындай мәселелерге кезіккен болатын.
2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты 12 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексика аумағында өтеді.
Тарихта алғаш рет әлем чемпионатының финалдық кезеңіне 48 ұлттық құрама қатысады.