Басты бет
·
Футбол

Какау Қазақстан құрамасының әлем чемпионаты іріктеуіне дайындығын бағалады

Бекарыс Әлімхан··
ҚФФ

ҚФФ

Қазақстан футзал құрамасының бас бапкері Какау 2028 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі Беларуське қарсы алғашқы матч алдында команданың дайындығы туралы пікір білдірді.

Бразилиялық маман Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында жанкүйерлердің қолдауы маңызды екенін атап өтті.

«Ойын қиын болады. Мен жанкүйерлеріміздің ойыншыларға көмектесетінін үнемі айтып келемін. Бұл өте маңызды. Қазақстан құрамасы ұзақ уақыт бойы ойнаған жоқ. Енді әлем чемпионатының іріктеу кезеңі басталады. Өз алаңымызда жанкүйерлердің қолдауының маңызы зор.

Қарсыласымыздың мықты екенін білеміз. Беларусь құрамасы соңғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезінде Италияны жеңіп, онымен тағы бір матчта тең түсті. Сондықтан қарсыласымызды құрметтейміз, бірақ қорықпаймыз. Өз алаңымызда ойнаймыз, сол себепті жақсы ойын көрсетуіміз керек», – деді Какау.

Қазақстан – Беларусь матчы 20 қазанда Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді. Кездесу Астана уақытымен сағат 20:00-де басталады.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңінің алтыншы тобында Беларусь және Албаниямен бірге өнер көрсетеді. Беларусьпен қарымта кездесу 10 қарашаға жоспарланған. Ал 9 желтоқсанда қазақстандықтар Албанияны қабылдайды.

12 топтың жеңімпаздары мен екінші орын алған үздік төрт команда іріктеудің элиталық кезеңіне тікелей жолдама алады. Екінші орын алған қалған сегіз құрама жолдама үшін плей-офф кезеңінде бақ сынайды.

Какау Қазақстан құрамасының әлем чемпионаты іріктеуіне дайындығын бағалады – sport-hub