Камилла Рахимова Токиодағы WTA-500 турнирінің ширек финалына шықты

Фото: Jimmie48
Өзбекстандық теннисші Камилла Рахимова Токиода (Жапония) өтіп жатқан WTA-500 турнирінің екінші айналымында ресейлік Екатерина Александровадан басым түсті. Кездесу 6:4, 4:6, 7:6 (7:5) есебімен аяқталды.
Матч 2 сағат 51 минутқа созылды. Рахимова алғашқы сетте жеңіске жеткенімен, екінші партияда қарсыласына есе жіберді. Шешуші сетте жеңімпаз тай-брейкте анықталып, өзбекстандық теннисші басымдық танытты.
Әлемдік рейтингте 66-орында тұрған Рахимова матч барысында бір эйс жасап, 11 рет қос қателік жіберді және қарсыласының доп беру кезіндегі жеті мүмкіндігін пайдаланды. Ал WTA рейтингінде 33-сатыда тұрған Александрова төрт эйс жасап, 10 рет қос қателікке жол берді.
Айта кетейік, Рахимова Токиодағы жарысты іріктеу кезеңінен бастаған. Онда ол беларусьтік Александра Сасновичке 4:6, 4:6 есебімен есе жібергенімен, кейін «лаки-лузер» ретінде негізгі кезеңге өтті. Ал Александрова алғашқы айналымда америкалық Энн Лиді 6:4, 6:4 есебімен жеңді.
Бұған дейін теннисшілер 2021 жылғы АҚШ ашық чемпионатында кездесіп, сол жолы да Рахимова 6:4, 6:1 есебімен жеңіске жеткен.
Ширек финалда өзбекстандық теннисші испаниялық Кристина Букша мен австралиялық Майя Джойнт арасындағы кездесудің жеңімпазымен ойнайды.
Токиодағы турнир 26 қазан мен 1 қараша аралығында хард төсенішінде өтуде. Былтырғы жарыстың чемпионы — швейцариялық Белинда Бенчич.