«Керемет қарсылас»: Швентек Рыбакинаға қарсы ойыны туралы пікір білдірді

Фото: Jimmie48
Польшалық теннисші Ига Швентек Торонто қаласында өткен WTA-1000 санатындағы турнирдің финалында әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакинаны жеңгеннен кейін пікір білдірді.
Финалда Швентек Рыбакинаны екі сетте 6:2, 6:3 есебімен жеңді.
«Бұл турнирде жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Бұл титул мен үшін өте маңызды. Соңғы бірнеше ай оңай болған жоқ. Күн сайын интернетте мен туралы айтылатын түрлі пікірлерге қарамастан, ойын деңгейімді дамытуға, стилімді аздап өзгертуге және жетілуге көңіл бөлуді жалғастырғаныма қуаныштымын. Мұның бәрімен күресу оңай емес.
Шынайы өмірдің интернеттегі жағдайдан өзгеше екеніне қуаныштымын. Шын мәнінде, жанымда мені өте жақсы білетін және қолдайтын адамдар бар. Олар өз жұмыстарын барынша жақсы орындау үшін осында. Тек алға жылжуды жалғастыру керек.
Мен бұл титулды әділетсіз сын мен жеккөрушілікке тап болып жүрген барлық адамдарға арнағым келеді. Тек алға ұмтылып, дамуды жалғастырыңыздар. Өзіңізге көңіл бөліңіздер. Сіздер өздеріңіз үшін не жақсы екенін білесіздер. Алда әлі не барын және тағы қандай жетістіктерге жетуге болатынын әрдайым есте сақтаңыздар», – деді Швентек финалдан кейін.
Польшалық теннисші Рыбакинаға да сөз арнады.
«Елена, керемет турнир өткізгеніңмен құттықтаймын. Сен керемет қарсыласың. Саған қарсы ойнау әрдайым қиын. Алда біз әлі талай-талай кездесеміз деп сенемін. Сені және командаңды құттықтаймын», – деп қосты Швентек.
Осы кездесудің нәтижесінде Швентек Рыбакинамен өзара матчтардағы есепте алға шықты — 7:6. Финалға шыққаны үшін польшалық теннисші 1000 рейтингтік ұпай және 1 086 220 доллар көлемінде жүлде алды.