Торонто финалы Рыбакинаға 560 мың доллардан астам сыйақы әкелді

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Jimmie48

Фото: Jimmie48

Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина Канадада өтіп жатқан WTA-1000 санатындағы турнирдің финалына шығу арқылы 564 920 доллар көлеміндегі жүлде қоры мен рейтингтік 650 ұпайды еншілеп қойды.

Әлемнің екінші ракеткасы жартылай финалда WTA рейтингінде төртінші орында тұрған америкалық Кори Гауффпен кездесті. Рыбакина алғашқы сетте жеңіліп қалғанымен, кейін қатарынан екі партияда жеңіске жетіп, 5:7, 6:2, 6:2 есебімен басым түсті.

Титул үшін Рыбакина әлемнің жетінші ракеткасы Ига Швёнтекпен ойнайды. Польша теннисшісі екінші жартылай финалда украиналық Элина Свитолинаны үш сетте 6:3, 1:6, 6:3 есебімен жеңді. Финалда Рыбакина жеңіске жеткен жағдайда, 1 085 220 доллар көлеміндегі жүлдеге және 1000 рейтингтік ұпайға ие болады.

Торонтодағы турнирдің жалпы жүлде қоры 7 433 076 долларды құрайды. WTA-1000 санатындағы жарыс хард төсенішінде өтуде.

Турнирдің қазіргі чемпионы 2025 жылы титулды жеңіп алған канадалық Виктория Мбоко. Биыл ол тізе жарақатына байланысты чемпиондық атағын қорғамайды.