Харри Кейн: «Финалға шығу үшін бізге бір ғана элемент жетіспеді»

Фото: EFA
Англия құрамасының капитаны Харри Кейн 2026 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында Аргентинадан (1:2) жеңілген ойынға пікір білдірді.
Форвард команда неге есептегі басымдықты сақтай алмағанын түсіндірді.
«Командамыз, бапкерлер штабы және жанкүйерлер үшін қатты қапаланып тұрмын. Ойынның көп бөлігінде жақсы ойнадық. Бірақ есепте алға шыққаннан кейін, сол басымдықты сақтап қалуды тым көп ойлай бастадық, ал мұндай деңгейде бұл жеткіліксіз. Біз осы жерге жету үшін өте көп еңбек еттік. Жігіттер бар күшін салды, қан, тер, көз жасын төкті. Сондықтан дәл осылай жеңілу әсіресе ауыр.
Бұл турнирде бізде жақсы матчтар мен сәттер көп болды. Тағы да жартылай финалға дейін жеттік. Біз әрдайым «есікті қағып тұрмыз» деп айтамыз. Біз өте жақынбыз, тек турнирдің шешуші кезеңінен өтуге көмектесетін сол жетіспейтін бір элементті табуымыз керек», – деді Кейн.
Енді Англия құрамасы үшінші орын үшін Францияға қарсы ойнайды. Кездесу 19 шілдеде Қазақстан уақыты бойынша 02:00-де өтеді.
Айта кетейік, бұған дейін Англия құрамасы L тобында бірінші орынмен шыққан. Плей-офф кезеңінде команда ДР Конгоны (2:1), Мексиканы (3:2), Норвегияны (2:1) жеңіп, Аргентинаға (1:2) жол берді. Англия сапындағы үздік бомбардирлер — жартылай қорғаушы Джуд Беллингем мен шабуылшы Харри Кейн: олар жеті матчта алты голдан соғып, бір нәтижелі пас берген.