Хесус Рамос: «Мен Нұрсұлтановқа емес, Адамеске дайындалып жатырмын»

Фото: PBC
Орта салмақтағы WBC уақытша әлем чемпионы Хесус Рамос кіші Мейірім Нұрсұлтановпен жекпе-жекті Карлос Адамеспен кездесуге апарар жолдағы қадам ретінде қарастыратынын айтты.
Рамос пен жеңіліс көрмеген қазақстандық боксшы 19 қыркүйекте АҚШ-тың Сан-Диего қаласында жұдырықтасады.
«Ол туралы көп нәрсе білмеймін. Оның жекпе-жектерінің видеолары да көп емес – ол үш жылдан бері шаршы алаңға шыққан жоқ. Меніңше, дәл осы жағдай оны қауіпті етеді, өйткені біз ол туралы іс жүзінде ештеңе білмейміз. Сонымен қатар Нұрсұлтановқа дайындалып жатқанымды сезінбеймін.
Мен Адамеске және осы салмақтағы басқа да чемпиондарға дайындалып жатырмын. Сондай-ақ Йоэнлис Эрнандеспен және мықты проспект саналатын Амари Джонспен жұдырықтасқым келеді. Жақында чемпион атанған Аарон Маккенна да бар. Мен осы жекпе-жектердің барлығын қалаймын. Орта салмақтағы ірі кездесулер өткізгім келеді», – деді Рамос PBC баспасөз қызметіне берген сұхбатында.
Айта кетейік, Нұрсұлтанов соңғы ресми жекпе-жегін 2023 жылдың қарашасында өткізіп, чилилік Хулио Аламосты төрешілердің бірауызды шешімімен жеңген. Қазақстандық боксшының рекорды – 20 жеңіс, оның 11-і нокаутпен. Ол WBC рейтингінде бірінші орында тұр.
Рамоспен жекпе-жек Нұрсұлтанов үшін әлем чемпионы атағын алғаш рет сарапқа салу мүмкіндігі болмақ. WBC шешіміне сәйкес, бұл кездесудің жеңімпазы ұйымның толыққанды чемпионы Карлос Адамеспен жұдырықтасуы тиіс.