Хоккейден Қазақстан құрамасы Азия чемпионатын Жапонияға қарсы матчпен бастайды

ҚР ҰОК
Қазақстан әйелдер хоккей құрамасы 15–18 қазан аралығында Жапонияның Саппоро қаласында өтетін Азия чемпионатына қатысады. Ұлттық құрама Жапония, Қытай және Оңтүстік Корея командаларына қарсы үш матч өткізеді.
Қазақстандық хоккейшілер турнирді 15 қазанда жарыс қожайындарына қарсы кездесумен бастайды. Жапонияға қарсы матч Қазақстан уақытымен сағат 14:30-да басталады.
Келесі ойында ұлттық құрама 17 қазанда Қытаймен кездеседі. Матч сағат 08:00-ге жоспарланған. Ал 18 қазанда Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореяға қарсы ойын өткізіп, турнирдегі өнерін аяқтайды. Бұл кездесу де сағат 08:00-де басталады.
Азия чемпионатына төрт құрама қатысады. Әр команда қалған қарсыластарымен бір реттен ойнайды. Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаз бен жүлдегерлер анықталады. Халықаралық шайбалы хоккей федерациясының (IIHF) рейтингіне сәйкес, Жапония әлемде сегізінші орында тұрса, Қытай 14-орында, Оңтүстік Корея 18-орында, ал Қазақстан 22-орында орналасқан.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанған. Команда 2024 жылы Бейжіңде үшінші орын иеленсе, 2025 жылы Өскеменде осы нәтижені қайталады. Алдыңғы екі турнирде де Жапония құрамасы чемпион атанды.