«Кристал Пэлас» бапкері «Байерді» жаттықтыруы мүмкін

Фото: Getty Images
«Байер» клубы Леверкузендік команданың бас бапкері қызметіне Оливер Гласнердің кандидатурасын қарастырып жатыр. Бұл туралы журналист Николо Скира хабарлады.
Неміс клубы 51 жастағы аустриялық маманға қызығушылық танытып отыр. Көпшілік күткендей, Гласнер маусым аяқталғаннан кейін лондондық «Кристал Пэластан» кетуі мүмкін.
Оның тізгіндеуімен ағылшын клубы өз тарихындағы ең сәтті кезеңдердің бірін өткерді. «Кристал Пэлас» Англия Кубогын, ел Суперкубогын жеңіп алып, сондай-ақ Конференция лигасының чемпионы атанды. Құрлықтық турнирдің финалында лондондық команда «Райо Вальеканоны» 1:0 есебімен жеңді.
Өткен Бундеслига маусымында «Байер» 34 матчта 59 ұпай жинап, алтыншы орынға тұрақтады. Келесі маусымда леверкузендік клуб Еуропа лигасында өнер көрсетеді.