Куман Нидерланд құрамасының бас бапкері қызметінен кететінін мәлімдеді

Фото: @soccer_laduma
Нидерланд құрамасының бас бапкері Рональд Куман 2026 жылғы әлем чемпионатынан кейін қызметінен кететінін ресми түрде мәлімдеді.
Мұндай шешім команда Мароккодан әлем чемпионатының 1/16 финалында жеңілгеннен кейін қабылданды. Кездесудің негізгі уақыты 1:1 есебімен аяқталса, пенальти сериясында марокколық футболшылар басым түсті.
«Құрамадағы кезеңімнің осылай аяқталғаны жанымды ауыртады. Барлығымыз әлем чемпионатында тарих жасауды армандадық. Өкінішке қарай, оған қол жеткізе алмадық. Бұған менен артық ешкім қапаланған жоқ. Бас бапкер ретінде толық жауапкершілікті өз мойныма аламын.
Мен құрамадан екіұдай сезіммен кетіп барамын. Әрине, ұлттық құрамамен әлем чемпионы атанып, осы жолымды титулмен аяқтағым келді. Өкінішке қарай, бұл арман орындалмады», – деп жазды Куман.
Айта кетейік, Нидерланд құрамасы топтық кезеңде жеті ұпай жинап, F тобында бірінші орын алған болатын. Енді әлем чемпионатының 1/8 финалында Марокко құрамасы Оңтүстік Африканы 1:0 есебімен жеңген Канадамен кездеседі.
Еске салайық, 2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Турнир 19 шілдеде аяқталады.