«Левантенің» қазақстандық футболшысы бірінші командамен жасаған жаттығуы туралы айтты

Бегасыл Амирбай ··
Фото: спортшының жеке мұрағатынан

Фото: спортшының жеке мұрағатынан

Қазақстан U19 жасөспірімдер құрамасы мен испаниялық «Леванте» клубының жартылай қорғаушысы Алдияр Нұрғали Sport-hub.kz сайтына берген сұхбатында клубтың бірінші командасымен өткен жаттығудан кейінгі әсерімен бөлісті.

Бұған дейін 18 жастағы қазақстандық футболшыны «Леванте» клубы негізгі құрамының жаттығуларына тарта бастағаны туралы ақпарат тараған еді.

«Жалпы, туған елден жырақта ойнау өз еліңде ойнағаннан қиынырақ, өйткені отбасыңнан, достарыңнан алыстайсың. Сен басқа тілде сөйлейтін, басқа адамдары бар бөтен елде жүресің және басқа өмір салтына бейімделуің керек. Әзірге тек жағымды әсер алдым, себебі болашақта әлемнің үздік чемпионаттарында ойнауға ұмтыламын.

Менің мақсатым – «Левантенің» негізгі командасында дебют жасау. Сондықтан алғашқы жаттығуға шақырғанда аздап толқыдым, өйткені бұл маңызды қадам екенін түсіндім. Бастапқыда деңгей мен қарқынның айырмашылығын сезіндім, ал футболшылар техникалық тұрғыдан әлдеқайда мықты көрінді. Негізгі командада тезірек дебют жасау үшін әрі қарай да көп еңбектеніп, жаттығамын», – деді Нұрғали Sport-hub.kz-ке.

37 турдан кейін «Леванте» Ла Лига турнир кестесінде 15-орында тұр. Валенсиялық клуб келесі матчын «Бетиске» қарсы өткізеді.

Осы маусымда Алдияр Нұрғали «Леванте» U19 сапында 10 матч өткізіп, 11 гол соқты. Сондай-ақ жартылай қорғаушы Қазақстанның 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы үшін бес матч өткізіп, бір голдың авторы атанды.