Лионель Скалони әлем чемпионатынан кейін Аргентина құрамасынан кетуі мүмкін

Фото: X_@daratef
Аргентина құрамасының бас бапкері Лионель Скалони 2026 жылғы әлем чемпионатының финалында Испаниядан (0:1) жеңілгеннен кейін ұлттық құрамадан кету мүмкіндігін жоққа шығармады.
Маман қазіргі келісімшарты аяқталған соң қызметін тоқтатуы ықтимал екенін айтты.
«Алдымен федерация президентімен кездескім келеді. Желтоқсан айына дейінгі келісімшартымды толық орындаймын, содан кейін, бәлкім, тоқтайтын шығармын. Бірақ әзірге бәрін сабырмен саралап алуым керек. Осындай ұлы жетістіктерді тағы да қайталай аламын ба, білмеймін.
Аргентина құрамасын жаттықтыру кез келген бапкердің арманы. Біз футболшылармен бірге соңғы минутқа дейін бар күшімізді салдық. Дегенмен қазір бәрін қайта ой елегінен өткізу үшін маған уақыт қажет. Жұмысты жалғастыру үшін өзіңнен жаңа күш тауып, тың серпін алып, жаңа команда қалыптастыруың керек. Ал қол жеткізген жетістіктерімізді қайталау өте қиын болады.
Соңғы апталарда біздің бар назарымыз әлем чемпионатына ауды. Сондықтан әзірге менің болашағым федерация үшін де, мен үшін де басты мәселе емес», – деді Скалони TyC Sports басылымына берген сұхбатында.
Еске салайық, Лионель Скалони Аргентина құрамасын 2018 жылдан бері жаттықтырып келеді. Оның жетекшілігімен команда 2022 жылғы әлем чемпионатын, Америка кубогын екі рет және Финалиссима турнирін жеңіп алды.
Айта кетейік, Скалонидің Аргентина футбол федерациясымен жасасқан қазіргі келісімшарты 2026 жылдың желтоқсан айына дейін жарамды.