«Ливерпуль» Брэдли Барколя үшін таласта көш бастап тұр

Бегасыл Амирбай ··
Фото: FFF

Фото: FFF

«Ливерпуль» ПСЖ вингері Брэдли Барколяны сатып алуға басты үміткер атанды. Ағылшын клубы шабуыл шебін Мохамед Салах кеткеннен кейін күшейтуді көздеп отыр.

The Sun басылымының хабарлауынша, француз футболшысына лондондық «Арсенал» мен мюнхендік «Бавария» да қызығушылық танытып отыр. Дегенмен дәл қазір Барколяны өз қатарына қосуға басты фаворит – «Ливерпуль». Ойыншының ПСЖ-мен келісімшартына екі жыл қалған. Ал ықтимал трансфер құны 115 миллион еуроға жетуі мүмкін.

2025/26 жылғы сәтсіз маусымнан кейін, команда Англия Премьер-лигасында бесінші орынмен шектелген соң, «Ливерпуль» ауқымды қайта құру жұмыстарын бастады. Бас бапкер Арне Слот қызметінен кетіп, оның орнына Андони Ираола келді. Сондай-ақ клуб Мохамед Салахпен, Ибраима Конатемен және Эндрю Робертсонмен қоштасты.

Өткен маусымда Брэдли Барколя Франция чемпионатында 29 матч өткізіп, 11 гол соғып, ПСЖ-ның чемпион атануына үлес қосты. УЕФА Чемпиондар лигасында екі гол соғып, төрт нәтижелі пас беріп, командасымен бірге турнир жеңімпазы атанды. Ал 2026 жылғы әлем чемпионатында Франция құрамасы сапында сегіз матчқа қатысып, үш гол мен бір нәтижелі пастың авторы болды.

«Ливерпуль» Брэдли Барколя үшін таласта көш бастап тұр – sport-hub