Луис де ла Фуэнте: «Францияға қарсы әлемдегі ең үздік құрама ойнады»

Бегасыл Амирбай ··
Фото: RFEF

Фото: RFEF

Испания құрамасының бас бапкері Луис де ла Фуэнте 2026 жылғы әлем чемпионатының жартылай финалында Францияны (2:0) жеңгеннен кейінгі әсерімен бөлісті.

Бұл жеңіс Испания құрамасын турнир финалына шығарды, енді команда чемпиондық атақ үшін күреседі.

«Біз бұл жолды шамамен төрт жыл бұрын белгілі бір идеямен бастадық және соған адал болып қалдық. Дәл сол бізді осы жерге алып келді. Бүгін біз әлемдегі ең мықты құрамалардың біріне қарсы ойнадық, бірақ олардың қарсысында әлемдегі ең үздік құрама болды. Айырмашылық осында. Бұл футболшылар бар жақсылыққа лайық. Күн сайын олар өз істеріне деген адалдықты, бірлікті, жанкештілікті және талантты көрсетеді. Олар қиын нәрселерді оңай етеді», – деп де ла Фуэнтенің сөзін ФИФА келтіреді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Испания құрамасы H тобынан бірінші орынмен шыққан болатын. Плей-офф кезеңінде команда Австрияны (3:0), Португалияны (1:0) және Бельгияны (2:1) жеңді. Команданың үздік бомбардирі – шабуылшы Микель Оярсабаль: жеті матчта бес гол соғып, бір нәтижелі пас берді.

Англия мен Аргентина құрамалары арасындағы екінші жартылай финал 16 шілдеде Қазақстан уақытымен 00:00-де өтеді. Бұл матчтың жеңімпазы 20 шілдеде түнгі уақытта өтетін финалда Испания құрамасымен кездеседі.