Максим Самородов РПЛ-ден МЛС-ке ауысуы мүмкін

«Ахмат» ФК
Қазақстан құрамасының және грозныйлық «Ахмат» клубының вингері Максим Самородов мансабын Солтүстік Американың МЛС лигасында жалғастыруы мүмкін.
«Серый CARDINAL» Telegram-арнасының мәліметінше, МЛС клубтарының бірі 24 жастағы қазақстандық футболшыны өз қатарына қосуды қарастырып жатыр.
Ықтимал трансфер туралы ақпарат ойыншының айналасынан да, «Ахматқа» жақын дереккөздерден де келіп түсуде. Алайда нақты қай клуб екені әзірге жарияланған жоқ.
Максим Самородов грозныйлық клуб сапында 2024 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Өткен маусымда ол барлық турнирде 32 матч өткізіп, бес гол соғып, он нәтижелі пас берген. Қазақстан құрамасы сапында вингер 33 ойынға қатысып, бес гол соғып, үш нәтижелі пас тіркеген.
Қазақстандық футболшының «Ахматпен» келісімшарты 2028 жылдың жазына дейін жарамды. Transfermarkt дерегіне сәйкес, оның нарықтық құны үш миллион еуроға бағаланады.