Мәнерлеп сырғанаудан төрт құрлық чемпионаты Астанадан Алматыға көшірілді

ҚР ҰОК
Халықаралық конькишілер одағы (ISU) 2027 жылы мәнерлеп сырғанаудан өтетін төрт құрлық чемпионатын Астанадан Алматыға көшіру туралы шешім қабылдады. Жарыс «Алматы Аренада» өтеді.
Бұл шешім 14 қазанда Швейцарияның Лозанна қаласында өткен ISU кеңесінің отырысында қабылданды. Халықаралық ұйым Қазақстанның конькимен жүгіру одағымен жарыстың өтетін орнын өзгерту жөнінде келісімге келген.
Бұған Астананың сол жағалауындағы аумақты электр қуатымен қамтамасыз ететін электр станциясында болған өрттің салдары себеп болды. Оқиға инфрақұрылымның жұмысына және бастапқыда таңдалған аренаның маңындағы қауіпсіздікке әсер еткен.
Бастапқыда жарысты Қазақстан астанасында өткізу жоспарланған еді. Астана 22 маусымда ресми түрде қабылдаушы қала болып бекітілген. Алайда жарыстың өтетін орны өзгергенімен, мерзімі сол күйі қалды. Төрт құрлық чемпионаты 2027 жылдың 9-14 ақпаны аралығында өтеді.
Қазақстан бұл жарысты алғаш рет қабылдайды. Чемпионатқа Азия, Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка мен Океания құрлықтарының өкілдері қатысады. Спортшылар ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сырғанаудан, спорттық жұптардан және мұздағы биден төрт медаль жиынтығын сарапқа салады.
Еске салайық, Қазақстан спортшылары бұған дейін де төрт құрлық чемпионатында табысты өнер көрсеткен. 2015 жылы Денис Тен ерлер арасындағы жекелей сырғанаудан алтын медаль жеңіп алып, осы турнирде топ жарған алғашқы қазақстандық атанды.