Марк Гуаль «Қайраттың» жеңіске жетуге дайын екенін айтты

«Қайрат» ФК
Алматылық «Қайрат» клубының шабуылшысы Марк Гуаль УЕФА Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі екінші турда гректің «Панатинаикосына» қарсы өтетін матч алдында өз ойымен бөлісті.
Форвард қазақстандық команданың мақсаты өзгермейтінін атап өтті.
«Әрдайым үздік командаларға, үздік ойыншыларға қарсы ойнағың келеді. Өз басым Испания клубымен кездесемін деп үміттенген едім, бірақ жеребеге көңілім толады. Дегенмен біздің мақсатымыз өзгермейді. Қарсыласымыздың кім екені маңызды емес. Біз жеңіске жетуді көздейміз және ертең үздік ойынымызды көрсетуге тырысамыз», – деді Гуаль.
Еске салайық, «Қайрат» жалпы кезеңнің алғашқы турында сырт алаңда латвиялық «Рига» клубымен 1:1 есебімен тең түсті. Алматылықтардың жалғыз голын кездесудің бесінші минутында пенальтиден Марк Гуаль соқты. Осылайша, Рафаэль Уразбахтин шәкірттерінің еншісінде бір ұпай бар.
Ал «Панатинаикос» турнирдегі алғашқы матчында өз алаңында босниялық «Борацты» 2:1 есебімен жеңді. Қазақстанға аттанар алдында Афина клубы Грекия чемпионатында «Астерасты» 5:1 есебімен ойсырата ұтты.
«Қайрат» пен «Панатинаикос» арасындағы матч 22 қазанда Алматыдағы Орталық стадионда өтеді. Кездесу Қазақстан уақытымен сағат 19:30-да басталады.