Марокко бапкері ӘЧ-дан кейінгі жеңіліске пікір білдірді

Фото: FRMF
Марокко құрамасының бас бапкері Мохамед Уахби 2026 жылғы әлем чемпионатының ширек финалында Франциядан 0:2 есебімен жеңілген матчқа қатысты пікірін айтты.
Маман команданың болашақта табысқа жету үшін жұмысты жалғастыратынын да атап өтті.
«Егер осы бағыттан таймасақ, болашағымыз жарқын болады. Бірақ бұл бүгін жеңіске жеткіміз келмеді деген сөз емес. Әрине, біз жеңуді қаладық. Қолымыздан келгеннің бәрін жасадық, алайда өте мықты қарсыласқа тап болдық. Бұл – көңілге қаяу түсіретін нәтиже. Соған қарамастан, болашақтағы жетістіктер үшін еңбектене береміз.
Біз тек бір елдің ғана намысын қорғап жүрген жоқпыз. Біз Марокко халқының, сондай-ақ Азия мен Африканың көптеген елдерінің үмітін арқалап жүрміз. Көптеген адамдар өздерін біздің құрамамен байланыстырады. Сондықтан алдағы уақытта чемпиондық атақтарды жеңіп алу үшін жұмысты жалғастырамыз», – деді Уахби ФИФА-ға берген сұхбатында.
Әлем чемпионатының жартылай финалында Франция құрамасы Испания – Бельгия жұбының жеңімпазымен кездеседі. Матч 11 шілде күні Қазақстан уақытымен 00:00-де басталады.
2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Турнир 19 шілдеде аяқталады.