Мексика құрамасының аңыз қақпашысы Очоа мансабын аяқтады

Бегасыл Амирбай ··
Фото: MNT

Фото: MNT

Мексика құрамасының бұрынғы қақпашысы Гильермо Очоа кәсіби футболдағы мансабын аяқтағанын хабарлады.

41 жастағы қақпашы клубтық деңгейде жалпы 500 матч өткізіп, Мексика ұлттық құрамасы сапында 154 ойынға қатысты.

«Арманымның мені қайда жетелейтінін ешқашан елестете алмадым. Бүгін өткен жолыма мақтанышпен қарап, «рақмет» деп айта аламын. Отбасыма рақмет. Командадағы серіктестеріме рақмет. Осы жолдың әр кезеңінде жанымнан табылған барлық жанкүйерге рақмет. Миллиондаған адамның сүйіспеншілігін және Мексика үшін барымды салғаныма деген жан тыныштығын өзіммен бірге алып барамын. Біз бастан өткерген сәттерді ешкім тартып ала алмайды. Барлығыңызға шын жүректен рақмет», – деп жазды Очоа.

22 жылға созылған кәсіби мансабында Очоа Мексиканың «Америка», Испанияның «Малага» және «Гранада», Бельгияның «Стандард», Францияның «Аяччо», Италияның «Салернитана», Португалияның ABC SAD және Кипрдің АЕЛ клубтарында өнер көрсетті.

Клубтық деңгейде ол «Америка» сапында Мексика чемпионы атанып, «Стандардпен» бірге Бельгия кубогын жеңіп алды. Ал Мексика құрамасымен КОНКАКАФ-тың Алтын кубогын алты рет жеңіп, Токио-2020 Олимпиадасының қола жүлдесін иеленді.