Рафаэль Маркес Мексика құрамасының бас бапкері болып тағайындалды

Бегасыл Амирбай ··
Фото: x_futbol de Honduras

Фото: x_futbol de Honduras

«Барселонаның» бұрынғы қорғаушысы Рафаэль Маркес Мексика ұлттық құрамасының жаңа бас бапкері атанды.

Бапкерлік ауыс-түйіс Мексика құрамасының 2026 жылғы әлем чемпионатынан шығып қалуынан кейін жүзеге асты. Команда 1/8 финалда Англиядан 2:3 есебімен жеңіліп, жарысты аяқтаған болатын.

Бұған дейін Хавьер Агирре Мексика құрамасын өз елінде өткен әлем чемпионатына дейін ғана жаттықтыратыны белгілі болған еді. Рафаэль Маркес оның бапкерлер штабында жұмыс істеді. Енді ол ұлттық құраманы қабылдап, 2030 жылғы әлем чемпионатына дайындық циклін бастайды.

Осыған дейін Маркес «Барселона Атлетик» командасын жаттықтырды. Оның жетекшілігімен команда 82 матч өткізіп, 40 жеңіске жетті, 21 кездесуде тең ойнап, тағы 21 матчта жеңіліс тапты.

Футболшы ретінде Рафаэль Маркес «Атлас», «Монако», «Барселона», «Нью-Йорк Ред Буллз», «Леон» және «Верона» клубтарының намысын қорғады. «Барселона» сапында ол екі мәрте УЕФА Чемпиондар лигасын, төрт рет Испания чемпионатын жеңіп, клубтар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы атанды.

Мексика ұлттық құрамасы сапында Маркес 148 матч өткізіп, 1999 жылы Конфедерациялар кубогын жеңіп алды. Сондай-ақ екі рет КОНКАКАФ-тың Алтын кубогын иеленді.