«Мен ақымақ емеспін». Португалияның жаңа бапкері Роналдудың болашағы туралы айтты

Бегасыл Амирбай ··
Фото: FPF

Фото: FPF

Португалия құрамасының жаңа бас бапкері Жорже Жезуш 2026 жылғы әлем чемпионатынан кейін ұлттық команданың негізгі құрамын сақтап қалуды көздейтінін мәлімдеді.

Canal 11 арнасына берген сұхбатында маман команданы түбегейлі жаңартуды жоспарламайтынын айтты. Оның пікірінше, қазіргі құрам бәсекеге қабілетті.

«Адамдар жаңа бапкер келіп, құрамның жартысын ауыстырады деп ойлауы мүмкін. Бірақ олай болмайды. Мен ақымақ емеспін. Оның үстіне, әлем чемпионатына қатыспаған көптеген ойыншыларды шақыруға уақыт та жоқ.

Алдағы төрт жылда жаңа футболшылар пайда болатыны анық, бірақ құрам қатты өзгермейді. Әлем чемпионатында ойнаған ойыншылардың басым бөлігі қалады. Екі-үш жаңа ойыншы қосылады, одан көп емес», – деді Жезуш.

Бапкердің айтуынша, Португалия құрамасы ірі турнирлерде табысқа жету үшін ойын сапасын арттыруы тиіс.

«Егер құрам әлем чемпионатындағыдан жақсы ойнамаса, мен де үлкен нәтижеге жете алмаймын. Біз бапкерлер штабы болып ойын деңгейін көтеруіміз керек, әйтпесе көп жылдан бері көздеп жүрген арманымызға жете алмай, сол күйі қала береміз.

Бізде өте мықты футболшылар бар, бірақ жеңістеріміз аз. Он жыл бұрын Еуропа чемпионы атандық, сондай-ақ екі рет Ұлттар лигасын жеңіп алдық. Бұл ең беделді турнир болмаса да, ең қиындарының бірі, өйткені онда Еуропаның үздік құрамалары ойнайды», – деп қосты маман.

Жезуштың жетекшілігімен Португалия құрамасы алғашқы ресми матчын 24 қыркүйекте Уэльске қарсы Ұлттар лигасының топтық кезеңінде өткізеді. Күтіліп отырғандай, Криштиану Роналду жаңа бапкермен «Әл-Наср» клубында бірге жұмыс істеп, өткен маусымда Сауд Арабиясы чемпиондығын жеңіп алғаннан кейін де ұлттық құрамадағы орнын сақтап қалады.