Мерей Базарбаев U23 әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды

Фото: UWW
Қазақстандық еркін күрес шебері Мерей Базарбаев АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль иеленді. Ол 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарды.
Финалда қазақстандық балуан түркиялық Бекир Кесермен белдесті. Базарбаев қарсыласын 8:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңіп, әлем чемпионы атанды.
Финалға дейін Мерей үш жеңіске қол жеткізді. Алғашқы белдесуінде америкалық Люк Лилледальды 3:1 есебімен ұтты. Ширек финалда Франция өкілі Расул Галбураевтан 13:2 есебімен басым түсті. Ал жартылай финалда жапониялық Дайто Кацумэні 7:0 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды.
Бұған дейін Базарбаев әлем чемпионаттарында жүлдегер атанған. 2022 жылы Болгарияның София қаласында өткен U20 әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды. Сол жылы жастар арасындағы Азия чемпионатында да топ жарды.
Айта кетейік, Базарбаевтың алтыны Қазақстан құрамасы үшін Лас-Вегастағы U23 әлем чемпионатындағы үшінші алтын медаль болды. Бұған дейін грек-рим күресінен Айбек Айтбеков (60 келіге дейін) пен Юсуф Ашрапов (72 келіге дейін) әлем чемпионы атанған еді.