Айбек Айтбеков күрестен U23 әлем чемпионы атанды

ҚР ҰОК
Қазақстандық грек-рим күресінің балуаны Айбек Айтбеков АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында отандасымыз қазіргі U23 әлем чемпионы, әзербайжандық Эльмир Алиевті 13:4 есебімен жеңді.
Айтбеков финалға дейін төрт белдесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Ол грузиялық Гиорги Кочалидзені 9:5, ресейлік Алибек Амировты 9:0, жапониялық Сэйма Токухараны 7:3 және украиналық Евгений Поковбаны 5:4 есебімен ұтты.
Бұл – Айбек Айтбековтің 2026 жылғы екінші ірі жеңісі. Мамыр айында ол Вьетнамның Дананг қаласында өткен U23 санатындағы Азия чемпионатында топ жарып, финалда үндістандық Сурадж Сингхті 4:0 есебімен жеңген болатын.
Еске салайық, бұған дейін Юсуф Ашрапов та Қазақстан қоржынына алтын медаль салды. Ол 72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында армениялық Гаспар Тертеряннан басым түсті.