Қазақстандық балуандар Азия ойындарының қола жүлдесі үшін күреседі

Фото: Арлан Олжабай
Мейіржан Шермаханбет пен Шамиль Ожаев Айти мен Нагояда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарындағы грек-рим күресінен қола жүлде үшін белдеседі.
67 келіге дейінгі салмақта Шермаханбет жартылай финалда жапониялық Кётаро Согабэмен кездесті. Жарыс қожайыны 8:0 есебімен жеңіске жетті. Қазақстандық балуан қола медаль үшін моңғолиялық Ганбаяр Намсраймен белдеседі.
Шермаханбет — бұған дейінгі Азия ойындарының күміс жүлдегері. Ол Ханчжоу-2023 додасында екінші орын алған. Сондай-ақ оның қоржынында 2018 жылғы әлем чемпионатының қола медалі және 2022 жылғы Азия чемпионатының алтыны бар.
87 келіге дейінгі салмақта Шамиль Ожаев қырғызстандық Асан Жанышовтан 1:6 есебімен жеңілді. Қазақстандық балуан қола жүлде үшін өзбекстандық Жалғасбай Бердімұратовпен кездеседі. Ожаев 2025 жылы Амманда өткен Азия чемпионатында қола медаль иеленсе, 2026 жылдың мамырында 87 келіге дейінгі салмақта Қазақстан кубогында жеңімпаз атанды.
Айта кетейік, 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.