Басты бет
·
АО-2026

Олимпиада чемпионы Елдос Сметов Азия ойындарында келесі кезеңге өтті

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Сали Сабиров

Фото: Сали Сабиров

Елдос Сметов Айти мен Нагояда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарындағы жарысын 60 келіге дейінгі салмақтағы алғашқы жеңісімен бастады.

Қазақстандық дзюдошы алғашқы айналымда оңтүстіккореялық Харим Лиді жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды. Оның қарсыласы 2023 және 2024 жылдардағы әлем чемпионаттарының, сондай-ақ 2018 жылы Джакартада өткен Азия ойындарының қола жүлдегері.

Айта кетейік, Сметов қазіргі Азия ойындарына 2024 жылғы Париж Олимпиадасының чемпионы мәртебесінде келді. Оның қоржынында 2016 жылғы Олимпиаданың күмісі, 2020 жылғы Олимпиаданың қоласы және 2015 жылғы әлем чемпионатының алтыны бар. Париждегі жеңісінен кейін жарақатына байланысты ол тек бір рейтингтік турнирге қатысты.

Еске салайық, 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.