Юсуф Ашрапов U23 әлем чемпионы атанды

ҚР ҰОК
Қазақстандық грек-рим күресінің балуаны Юсуф Ашрапов АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.
72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында отандасымыз армениялық Гаспар Тертеряннан басым түсіп, әлем чемпионы атанды.
Ашрапов шешуші белдесуге дейін Қырғызстан, Молдова және Әзербайжан балуандарын жеңді. Ал жартылай финалда түркиялық Ибрахим Өздемирді 47 секундта таза жеңіспен ұтты.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медальді 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Айбек Айтбеков салған болатын. Ол финалда әзербайжандық Эльмир Алиевті 13:4 есебімен жеңді.
Юсуф Ашрапов үшін бұл – әртүрлі жас санатындағы әлем чемпионаттарындағы екінші жүлде. 2025 жылы ол U20 әлем чемпионатында 72 келіге дейінгі салмақта қола медаль иеленген еді.